Ауыл тұрғындары үшін баспана алу тәртібі өзгереді — Отбасы банк

АСТАНА. KAZINFORM — «Отбасы банк» ұлттық даму институты ретінде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамту бағытындағы жұмысын жалғастырып келеді. Бүгінде банк арқылы 15511 жалдамалы пәтер бөлініп, мыңдаған отбасы жайлы баспанаға қол жеткізді.

Фото: Отбасы банк

Тұрғын үйді бөлу үдерісінің ашық әрі тиімді жүргізілуіне жаңа цифрлық жүйе көмектесіп отыр. Жергілікті әкімдіктерден Отбасы банкке берілген жалдамалы және несиелік тұрғын үйлер «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» арқылы бөлінеді. Үдерісті автоматтандырудың нәтижесінде бір жылда тұрғын үйді бөлу қарқыны үш есеге артқан. Бұл тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың өтініштерін жедел қарауға және баспананы бөлу кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар жүйені жетілдіру тек цифрландырумен шектелмейді. Азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары да назардан тыс қалмайды. «Отбасы банк» тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған қазақстандықтардан келіп түсетін өтініштерді күн сайын қарастырып, кері байланыс береді.

«Отбасы банк» Бірінші тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығының басқарма басшысы Дидар Күлпейісовтің айтуынша, азаматтардан келіп түскен бірқатар ұсыныс тұрғын үйді бөлу тетіктерін жетілдіруге, қолданыстағы үдерістерді қайта қарауға және заңнамалық өзгерістер әзірлеуге негіз болды. Мұндағы басты міндет — мемлекеттік тұрғын үй қолдауын халық үшін барынша түсінікті, қолжетімді және әділ ету.

Осы бағытта «Отбасы банк» Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп тұрғын үй заңнамасына бірқатар өзгеріс енгізуге бастама болды. Атап айтқанда, «Тұрғын үй қатынастары туралы» және «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді. Олардың негізгі мақсаты — тұрғын үйді азаматтардың нақты қажеттіліктеріне бейімдеу. Заңнамалық өзгерістердің бір бөлігі қазірдің өзінде қолданысқа енгізілді.

Маңызды өзгерістің бірі ауыл тұрғындарына тікелей қатысты. 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ауылдық жерлерде жалдамалы тұрғын үйді бөлу тәртібі өзгереді.

Бұған дейін тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған ауыл тұрғындарына жалдамалы баспананы бөлу автоматты түрде жүзеге асырылса, енді азаматтың өзінің таңдауына басымдық беріледі. Жүйе белгілі бір баспананы автоматты түрде ұсынбайды. Тұрғын қолжетімді нұсқалардың арасынан қажетті тұрғын үйді өзі таңдап, оған өтініш беруі тиіс. Таңдау жасағаннан кейін «Баспана маркет» порталы арқылы электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдаланып, өтініш беру қажет.

Осылайша, 1 қыркүйектен бастап ауылдық жерлердегі жалдамалы тұрғын үй азаматтың жеке таңдауы мен берген өтініші негізінде бөлінеді.

Жаңа тәсілдің басты ерекшелігі — ауыл тұрғынына таңдау мүмкіндігінің берілуі. Азамат өз ауданы шегіндегі қолжетімді тұрғын үйлерді салыстырып, отбасының қажеттілігіне сәйкес келетін нұсқаға өтініш бере алады.

— Бұл өзгерістің басты мақсаты — ауыл тұрғындарына таңдау еркіндігін беру. Азаматқа қандай баспана қажет екенін оның өзі жақсы біледі. Сондықтан енді тұрғындар қолжетімді нұсқаларды қарап, өз отбасының қажеттілігіне сәйкес келетін тұрғын үйді таңдап, өтініш бере алады. Маңыздысы, бұл тәртіп тек ауылдық елді мекендерде тұратын және тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарға қолданылады, — дейді Дидар Нұрланұлы.

Маңыздысы, тұрғындарға электрондық цифрлық қолтаңбасының жарамдылық мерзімін алдын ала тексеріп, «Баспана маркет» порталындағы ақпаратпен танысып отырған жөн. Бұл қолайлы тұрғын үй пайда болған кезде өтінішті уақытылы беруге мүмкіндік береді.

Жалпы енгізіліп жатқан өзгерістер тұрғын үйді бөлу үдерісіндегі азаматтың рөлін арттыруға бағытталған. Егер бұрын баспана автоматты жүйе арқылы бөлінсе, енді ауыл тұрғыны ұсынылған нұсқалардың арасынан таңдау жасап, шешім қабылдау үдерісіне тікелей қатысады.

Осылайша, жаңа тәртіп ауылдарлағы тұрғын үйді бөлу жүйесін түсініктірек әрі тұрғындардың нақты қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді.