Ауылда 655 жаңа медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны салынды

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл медицинасын жаңғырту аясында 4 млн тұрғын жоғары технологиялық көмекке қол жеткізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында инфрақұрылымды кешенді дамыту мен жаңартуды, сондай-ақ ауылдағы кадрлық әлеуетті нығайтуды қамтитын бірнеше негізгі міндеттерді шешуге бағытталған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылды.

Ауылдық елді мекендерді медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету бойынша 655 МСАК нысанының, оның ішінде 260 медициналық пункттің, 235 фельдшерлік-акушерлік пункттің және 160 дәрігерлік амбулаторияның құрылысы толық аяқталды.

Жалпы нысандардың ішінен 427 жаңа ғимарат тозған және апатты ғимараттардың орнына салынды. Сондай-ақ, 208 нысан бұрын үй-жайлардың болмауына байланысты тұрғындарға үйлеріне барып медициналық қызметтер көрсетілген елді мекендерде бой көтерді, ал тағы 20 нысан бұрын медицина қызметкерлері мен инфрақұрылымы мүлдем болмаған ауылдарда пайда болды. Нәтижесінде барлық 655 МСАК нысанын іске қосудың арқасында медициналық қызметтерге қосымша 1 млн-ға жуық ауыл тұрғыны қол жеткізді.

— Сонымен қатар жедел медициналық көмектің уақтылы көрсетілуін арттыру мақсатында 32 аудандық аурухана күрделі жөндеу, қайта жаңғырту және жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен жарақтандырудың арқасында заманауи көпбейінді орталық аудандық ауруханаларға (бұдан әрі — КОАА) айналды. Оның ішінде КТ, МРТ аппараттары, ангиографтар, сондай-ақ реанимациялық және хирургиялық техникалар орнатылды. Бұл 4 млн-нан астам ауыл тұрғынына мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада

Ауылда денсаулық сақтау саласын кадрлармен қамтамасыз ету аясында жаңа және жаңғыртылған нысандарда жұмыс істеу үшін 1,1 мың медицина маманы даярланды.

Осыған дейін БҚО ауруханасы сапасыз қызмет үшін марқұмның туыстарына өтемақы төлейтінін жазғанбыз.