Ауылдық елді мекендерде 74 спорт ғимараты салынып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Ауылдық елді мекендерде 74 спорт ғимараты салынып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың жауабында айтылған.
«2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетте «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында өңірлерде жалпы сомасы 83 173 млн теңгеге 301 мәдениет және спорт объектісін салуға және реконструкциялауға шығыстар (2024 жылға – 78 600 млн. теңге, 2025 жылға – 4 573 млн. теңге) көзделген. АMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін 1 245 мәдениет нысанын (220 құрылыс, 1 025 жөндеу жұмыстары) салу және жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады», - деді вице-премьер жауабында.
Үкімет басшысы орынбасарының дерегінше, 2021 жылдан бүгінге дейін 926 нысан бойынша жұмыстар орындалды. Биыл 45 нысанның құрылысы жоспарланған.
«Сонымен қатар спорттық инфрақұрылымды дамыту жүйелі түрде жүргізіліп келеді. AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасына сәйкес, 2028 жылға дейін ауылда 100 жылдам салынатын спорт ғимаратының құрылысы жоспарланған. Биыл 25 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Ауылдық елді мекендерде 2028 жылға дейін 271 нысан салу және жөндеу жоспарланған. Оның ішінде: жаңа құрылыс (реконструкция) – 213, жөндеуге жататыны (күрделі және ағымдағы жөндеу) – 58. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында осы жылы 74 нысанның құрылысы жүргізілуде», - деді ол.
Бұған дейін «Жайлы мектеп» жобасы аясында жыл соңына дейін 28 ауылдық мектеп пайдалануға берілетіндігін жазған едік.