Жобаның ашылу рәсімі «Құлагер» тұрғын үй кешенінің ауласында өтті. Іс-шара барысында қатысушыларға жазғы маусымда жұмыс істейтін жаттықтырушылар құрамы таныстырылып, жобаның негізгі бағыттары мен алдағы жоспарлары таныстырылды.
Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамовтың айтуынша, жоба алты жылдан бері тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттап келеді.
«AULAFIT жобасы алты жылдан бері елорда тұрғындарының арасында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып келеді. Осы уақыт аралығында мыңдаған астаналық тұрақты түрде жаттығуларға қатысып, спортты күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырды. Мұндай бастамалар тұрғындардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, белсенді қоғам қалыптастыруға да ықпал етеді. Сондықтан қалада бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады», – деді Азамат Ағзамов.
Оның мәліметінше, биыл жоба Астананың алты ауданындағы 30 аулада жүзеге асырылады. Жаттығулар аптасына алты күн өткізіліп, әртүрлі жас санаттарына арналған бағдарламаларды қамтиды.
Жоба жетекшісі Айтжан Мусиннің айтуынша, AULAFIT-тің басты ерекшелігі – оның барша тұрғын үшін қолжетімді болуы.
«Жобаның басты ерекшелігі – оның қолжетімділігінде. Жаттығуларға үш жастан бастап егде жастағы тұрғындарға дейін қатыса алады. Барлық сабақтар білікті мамандардың жетекшілігімен өткізіліп, қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Ең бастысы – қатысу толықтай тегін», – деді ол.
Жоба маусымнан қыркүйекке дейін жалғасады. Бағдарлама жалпы дене дайындығы жаттығуларын, фитнес элементтерін және белсенді қимыл-қозғалыс ойындарын қамтиды.
Айта кетейік, Қазақстан 2026 жылы 20-ға жуық халықаралық жарысты қабылдайды.