Аурухана, жарықтандыру және студенттер: Өнеркәсіптік қалаларға құр зауыттардың өзі неге жеткіліксіз

АСТАНА. KAZINFORM - Үш облыстың әкімдіктерімен жасалған келісімдер аясында ERG әлеуметтік жобаларға шамамен 11,2 млрд теңге бағыттайды. Бұл қаражаттың артында не жатыр және инвестициялар тұрғындардың күнделікті өміріне қалай әсер етуі тиіс? Бұл сұрақтардың жауабын Kazinform тілшісі зерделеп көрді.

Фото: Eurasian Resources Group

Өнеркәсіптік қаланың тыныс-тіршілігі зауыт қақпасының екі жағында да қызу. Зауыт ішінде жұмыс орындары құрылып, өнім өндіріледі. Ал сыртындағы халық баласын мектепке апарады, дәрігерге жазылады немесе кешкісін аулаға шығады. Кәсіпорынның тұрақты жұмысы экономикаға демеу болғанымен, бұл тұрғындарға қажетті барлық нысан үй маңында бар дегенді білдірмейді.

Осындай мәселелердің бір бөлігі Eurasian Resources Group пен өңір әкімдіктері арасында жыл сайын жасалатын ынтымақтастық туралы меморандумдарда бекітіледі. Келісімдерде компания қолдау көрсететін жобалар нақты айқындалады.

Әр елді мекеннің күрмеуін таппай келе жатқан өзіндік мәселелері бар. Сондықтан қандай да бір түйткілдің түйінін тарқату үшін алдымен оның нақты сипатын анықтау қажет. Инвесторларға ұсынылған жобалар халықтың әртүрлі топтарына бағытталған. Бірі медициналық көмекке дейінгі қашықтықты қысқартуды көздесе, енді бірі тұрғындарға өзгерістерді өздері таңдауға мүмкіндік береді. Ал кей жобалар студенттердің болашақ мамандығына және армандаған жұмысына бір қадам жақындауына жол ашады.

Жобалардың жүзеге асу мерзімі де күрделілігіне қарай әртүрлі. Бір өңірде жұмыс биыл аяқталса, енді бірінде жоба енді ғана жобалау кезеңіне ойысып жатыр.

Дәрігер қабылдауына жазылу мұңға айналғанда

Қазақстан аумағы бойынша әлемде 9-орында тұр. Ұлан-ғайыр даланың әлеуетін толық игеру әлі алда. Алайда кең байтақ жердің артықшылығымен қатар, оның екінші жағы да бар – кей жағдайда тұрғындарға қажетті қызметке жету үшін ондаған, тіпті жүздеген шақырым жол жүруге тура келеді.

Бұл мәселе Қостанай облысының Қашар кентінде айқын көрінеді. Қолданыстағы медициналық мекеменің мүмкіндігі тұрғындардың барлық қажеттілігін өтеуге жеткіліксіз. Сондықтан олардың бір бөлігі медициналық көмек алу үшін Рудныйға немесе Қостанайға тұрақты түрде баруға мәжбүр. Рудныйға дейінгі қашықтық – 60 шақырым, ал облыс орталығына дейінгі жол жүз шақырымнан асады. Оның үстіне адамға кері қайту да қажет.

Фото: Eurasian Resources Group

Кенттің өзінде заманауи аурухананың салынуы талай мәселені шешер еді. Сондықтан бұл бастамаға да назар аударылып отыр. Дегенмен жаңа медициналық нысанның жақын арада бой көтеретінін айту әзірге ерте. Қазіргі уақытта ERG жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді қаржыландырады. ЖСҚ ғимараттың негізгі параметрлері мен құрылыс жұмыстарының құнын анықтайды. Одан кейін ғана аурухананың құрылысын білек сыбана бастау мүмкін болмақ.

Басқа өңірлердегі медициналық бастамалар тұрғындарға неғұрлым жылдам нәтиже беруге бағытталған. Мәселен, Павлодардағы №1 және №3 емханаларға жаңа рентген аппараттары сатып алынады.

Ал Ақтөбеде дәрігерлік-дене шынықтыру диспансеріне қажетті құрал-жабдық алуға 120 млн теңге бағытталады. Сонымен қатар «ERG дәрігерге» бағдарламасы өңірлердегі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді.

Кең саябақтар мен көшедегі шамдар

Биыл абаттандыру және қалалық ортаны дамыту бағытындағы жобалар жасалған келісімдердің басым бөлігін құрап отыр. Павлодар облысында меморандум аясында 17 жоба жүзеге асырылады. Ақсу қаласында жыл соңына дейін бассейн мен қоғамдық саябақ құрылысын аяқтау жоспарланған.

Тек бассейн құрылысына 800 млн теңгеден астам қаражат жұмсалады. Бұл балалар мен жастардың жыл бойы жүзумен айналысуына мүмкіндік береді. Ал саябақты жергілікті билік қаладағы бұқаралық іс-шараларды өткізу үшін кәдеге жаратуды жоспарлап отыр.

Әрине, Павлодар облысындағы жобалар тек абаттандырумен шектелмейді. Екібастұзда ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың отбасыларына арналған «Ерекше үй» орталығын одан әрі дамыту көзделген. Экологиялық бағыт аясында екі орманда өрт сөндіру станциясын орнату көзделіп отыр.

Фото: Eurasian Resources Group

Қостанай облысында Лисаковск қаласындағы саябақты абаттандыруға 155 млн теңге бағытталады. Мұнда жаяу жүргіншілер жолындағы брусчатка жаңартылып, көгалдандыру жұмыстары жалғасады.

Қаржыландыру көлемі бойынша ең ірі пакет Ақтөбе облысына тиесілі. Ақтөбе қаласындағы Алтын Орда ауданындағы скверді абаттандырудың кезекті кезеңіне 770 млн теңге бағытталмақ. Мұнда көгалдандыруды жалғастырып, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын кеңейту, балалар және спорт алаңдарын көбейту, екі субұрқақ орнату жоспарланған. Бұдан бөлек, Пушкин атындағы саябақты жаңартуға тағы 400 млн теңге қарастырылады.

Хромтауда жүзеге асырылатын жобаларда тұрғын үйлерге жақын орналасқан инфрақұрылымға басымдық берілген. Бес ауланы абаттандыруға 200 млн теңге бөлінеді. Оның аясында асфальт және ойын алаңдары жаңартылып, жарықтандыру орнатылады, футбол алаңы мен қосымша автотұрақтар жасалады.

Тағы 158 млн теңге 11 көшені жарықтандыруға бағытталады. Оның тоғызында қолданыстағы жарықтандыру жүйесі жаңартылады. Ал Республика және Тамды көшелерінде шамдар алғаш рет орнатылады. Компания өкілдерінің айтуынша, барлығы 340-тан астам жарықдиодты шам қойылады.

Сондай-ақ Хромтауда 25 метрлік бассейні бар спорт кешенінің құрылысы басталады. Оған 2026 жылы 500 млн теңге бөлінеді. Жоба жалпы физикалық дайындыққа арналған залды және қозғалысы шектеулі азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға бағытталған шешімдерді қамтиды.

Сонымен қатар қаладағы Жұмысшы мамандықтар аллеясын абаттандыру жұмыстары жалғасады.

Спорт саласына салынатын инвестициялар туралы сөз еткенде, Eurasian Resources Group компаниясы Ақтөбеде ат спорты кешенін салуды қаржыландыратын тағы бір жобаны атап өткен жөн. Қазіргі таңда жобаның құны шамамен 400 млн теңге деп бағаланып отыр.

Өз жобасын ұсынуға мүмкіндік

Инвесторлармен жұмыс істеудің тағы бір маңызды ерекшелігі – барлық жобаны тек компания мен әкімдіктер ғана таңдамайды. Tugan Qala әлеуметтік жобасы арқылы тұрғындар қаланы абаттандыруға қатысты өз ұсыныстарын білдіріп, оларды сарапшылармен бірге жетілдіреді. Кейін үздік жобаларды тұрғындардың өздері дауыс беру арқылы анықтайды.

ERG мәліметінше, 2020 жылдан бері жалпы құны 2,2 млрд теңгеден асатын 219 инфрақұрылымдық және 24 іс-шаралық жоба жүзеге асырылған. Оларға қатысты дауыс беруге 67 мыңнан астам адам қатысқан.

Әлбетте, бұл шаһар тұрғындарының барлығын қамтитын көрсеткіш емес. Дегенмен тұрғындардың дайын шешімді талқылаумен шектелмей, қаланы дамытудағы басымдықтарды өздері айқындауға мүмкіндігі бар.

2026 жылы Tugan Qala жобасына Қостанай облысында 300 млн теңгеден астам, ал Ақсуда 130 млн теңге бағытталады. Жоба Хромтауда да жалғасын таппақ.

Ұсынылған бастамалардың қатарында балалар және спорт алаңдары, қоғамдық кеңістіктер, автотұрақтар, жарықтандыру жүйелері мен аялдама павильондары бар.

Бұл жобалардың бюджеті ірі құрылыс нысандарымен салыстырғанда аз болғанымен, нәтижесі тұрғындардың күнделікті өмірінде айқын көрініп, қала жұртшылығы үшін әлдеқайда сезілетін өзгеріске айналмақ.

Колледж – өнеркәсіптік қаланың ажырамас бөлігі

Жергілікті билік пен ERG арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – білім беру жүйесін дамыту және Топ кәсіпорындарына білікті мамандар даярлау.

ERG жыл сайын түлектерін Топ кәсіпорындарына жұмысқа орналастыру көрсеткіші жоғары Альянс колледждерінің материалдық-техникалық базасын жаңартуға инвестиция салады. Осы бағыт аясында бейінді тоғыз колледжде өнеркәсіптік қауіпсіздік кабинеттері ашылады.

Материалдық-техникалық базаны нығайту жұмыстары жоғары оқу орындарында да жүргізіліп келеді. Рудный индустриялық университетінде металлургия зертханасын, ал Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде тау-кен ісі кабинетін құру жоспарланған.

«ERG колледждерге» бағдарламасының маңызды бөлігі – практикалық оқытуды дамыту. Биыл Ақсу қаласында ERG Skills кәсіби шеберлік байқауын өткізу жоспарланып отыр. Оған ERG жұмыс істейтін өңірлердегі бейінді оқу орындарының студенттері қатысады.

Кәсіби бағдар беру жұмысы мектеп қабырғасынан басталады. Биыл «ERG mektep» жобасы аясында Қостанай және Ақтөбе облыстарында 8-11 сынып оқушылары арасында алғаш рет STEM олимпиадалары өткізілді.

Фото: Eurasian Resources Group

Осындай жарыстар оқушылардың инженерлік-технологиялық және ғылыми мамандықтарға қызығушылығын арттырып, оқу мотивациясын күшейтеді. Сонымен қатар білім беру процесіне оқушылармен қатар педагогтерді де белсенді тартуға мүмкіндік береді.

STEM олимпиадаларының ерекшелігі – командалық жұмыс пен практикалық бағыттағы тапсырмаларды шешу. Мұндай формат шығармашылықты, аналитикалық және жобалық ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ оқушыларға нақты инженерлік міндеттерге жақын тапсырмаларды шешуде өз мүмкіндіктерін сынап көруге жол ашады.

Павлодар облысының оқушылары үшін STEM олимпиадасы Ақсу қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің базасында өтеді.

Осылайша, ERG мен өңірлер арасындағы ынтымақтастық болашақ мамандарды даярлаудың барлық деңгейін қамтиды. Ол мектептегі кәсіби бағдар беруден бастап, техникалық және кәсіптік білім беруге, одан әрі жоғары оқу орындарындағы даярлыққа дейін жалғасады.

Инфрақұрылымға салынатын инвестициялар, оқытушылар мен студенттердің практикалық дағдыларын дамыту, мектеп оқушыларын инженерлік мамандықтармен ерте таныстыру өңірлер мен Топ кәсіпорындарының кадрлық әлеуетін қалыптастыруға берік негіз қалайды.

Әкімдіктер жасалған меморандумдар аясындағы жобаларды жүзеге асыру өңірлердің кадрлық тұрақтылығына салынған маңызды инвестиция болатынын атап өтіп отыр. Студенттер қажетті дағдылар мен жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болса, кәсіпорындар білімі мен біліктілігі жоғары жас мамандармен толығады.

– Біз үшін әр жаңа жоба жай ғана жүзеге асырылып қоймай, адамдарға нақты нәтиже беріп, болашақта да сұранысқа ие болуы аса маңызды, – деді ERG-нің Қазақстандағы бас директоры Кудрәт Шамиев.

Нәтиже қол қойылғаннан кейін басталады

Жасалған инвестициялардың нәтижесін болашақта, оның ішінде жақын жылдары ғана көруге болады. Алайда компания басшысының сөзі келісімдерді бағалаудың негізгі өлшемін қазірдің өзінде айқындап отыр.

Сондықтан бұл жобаларға кең ауқымда қарауға әсте болады. Қашар кентінде біз жай ғана жобалық-сметалық құжаттаманы емес, болашақта бой көтеретін жаңа аурухананы, Ақсуда белгіленген мерзімде пайдалануға берілген жаңа бассейн мен саябақты көреміз. Ал Хромтау тұрғындары үшін бүгін қол қойылған құжаттар ертең ондаған көшеде жарқырап тұрған шамдарға, жаңартылған аулалар мен жаңа спорт кешеніне айналмақ.

Үш өңірдегі колледж студенттері де кәсіби даярлық сапасының артқанын сезінеді.

ERG өз қызметі жүзеге асырылатын өңірлерге бағытталған әлеуметтік инвестиция көлемін 321 млрд теңгеден астам деп бағалайды. Бұл қаражат қағаз жүзіндегі жансыз цифр болып қалмайды. Тұрғындар оның нақты нәтижесін жұмыс істеп тұрған рентген аппаратынан немесе жарықтандырылған көшеден көре алады.

Өнеркәсіптік қала сиқырлы таяқшаның бір сілтеуімен заманауи әрі жайлы мекенге айналмайды. Кәсіпорындар тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз еткеннің өзінде, зауыт қақпасының сыртындағы күнделікті өмір ондаған қарапайым дүниеден құралады. Олардың әрқайсысы жеке алғанда ауқымды болып көрінбеуі мүмкін.

Сондықтан мұндағы әр құйылған теңге – болашаққа бағытталған нақты инвестиция. Ал оның нәтижесі күн өткен сайын айқын көріне береді.