Ауруханаға арналған оттегі жүйесінен 117 млн теңге жымқырған: бұрынғы бас дәрігер 8 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Түркістан облысында Қазығұрт аудандық ауруханасына медициналық жабдық сатып алу кезінде бюджет қаражатын жымқыру схемасы әшкереленді. Бұрынғы бас дәрігер мен кәсіпкер 117 млн теңге залал келтіргені үшін тиісінше 8 және 7 жылға сотталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті.

Фото: Kazinform/ЖИ

— Тергеу барысында аурухананың бұрынғы бас дәрігері мен кәсіпкер реанимациядағы науқастарға медициналық көмек көрсету үшін қажетті оттегімен жабдықтау жүйесін сатып алуға бөлінген қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырғаны анықталды, — делінген хабарламада.

Аталған схеманы іске асыру үшін бірыңғай медициналық кешен бірнеше бөлек тауарға бөлініп, оларды сатып алу өздеріне бағынышты компаниялар арқылы нарықтық бағадан жоғары құнмен рәсімделген.

Алайда іс жүзінде жабдықты жеткізіп, орнату жұмыстарын басқа ұйым жүзеге асырған.

Нәтижесінде мемлекетке 117 млн теңге көлемінде залал келтірілген.

Қылмыстық жолмен алынған қаражаттың бір бөлігі жылжымайтын мүлік сатып алу және оны туысының атына рәсімдеу арқылы заңдастырылған.

Сот үкімімен аурухананың бұрынғы бас дәрігері 8 жылға, ал кәсіпкер 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар мемлекет кірісіне елордадағы пәтер мен екі автокөлік тәркіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысында 1,1 млрд теңге субсидия жымқырды деген күдікпен ер адам ұсталған болатын.