АСТАНА. ҚазАқпарат – Александр Недовесов пен Андрей Голубев жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисшілер бастапқы кездесуін аустралиялықтар Дейн Суини – Ли Тумен өткізді.
А.Недовесов пен А.Голубев 6:0, 6:2 есебімен оңай жеңді. Бір сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында олар 1 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды.
Қазақстандық жұптың екінші айналымдағы қарсыластары кейін анықталады.
Тағы бір қазақстандық Александр Бублик Мельбурнмен қош айтысты. Ол аустралиялық Джон-Патрик Смитпен бірге осы «Үлкен дулыға» турнирінің бірінші ракеткалары, нидерландылық Уэсли Колхоф – Нил Скупскиге жол берді – 1:6, 2:6.
Анна Данилина мен Александр Недовесов миксте бақ сынайды. Олар колумбиялық Хуан Себастьян Кабаль – франциялық Кристина Младеновичпен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның үшінші айналымға шыққанын жазған едік.
Фото – Қазақстан теннис федерациясы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).