АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Тимофей Скатов Аустралия ашық чемпионатының іріктеу сайысын жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлемнің 144-ракеткасы Т.Скатов алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 215-орында тұрған америкалық Николас Морено де Альборанмен кездесті.
Қазақстандық спортшы екі сетте 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті. 1 сағат 23 минутқа созылған бәсеке барысында Петропавл қаласының түлегі 1 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Қарсыласы 5 эйспен көзге түсті.
Т.Скатов іріктеу сайыстарының финалына шығу үшін әлемнің 155-ракеткасы, чилилік Николас Харримен таласады.
Тағы бір қазақстандық, рейтингте 195-орындағы Михаил Кукушкин іріктеу сайысындағы бастапқы кездесуін әлемнің 157-ракеткасы, аустралиялық Джеймс Даквортпен өткізеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаны Аустралиядағы жарыста жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Анна Данилина алғаш рет әлемдегі үздік он теннисшінің қатарына кірді.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).