АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, 17 жастағы Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты.
Жасөспірімдер арасында әлемнің 4-ракеткасы Ә. Омарханов екінші айналымда аустралиялық Юмерали Ибраимидің мысын басты.
Қазақстандық теннисші бірінші партияда 6:4 есебімен басым түсті. Әмір екінші сетте есеп 5:2 болған мезетте матчқа доп бергенімен, сол мүмкіндігін мүлт жіберді. Дегенмен ойынды тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:3.
Бәсеке 1 сағат 35 минутқа созылды.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген Омарханов ширек финалға шығу үшін швециялық теннисші, 17 жастағы Виллям Режхтман Винцигаррамен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Елена Рыбакинаның ширек финалдан тыс қалғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).