НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Андрей Голубев аралас сында ширек финалға шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Голубев украиналық Людмила Киченокпен бірге екінші айналымда жапониялық Макото Ниномия - пәкстандық Айсам-уль-Хак Курешимен кездесті.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта жапониялық-пәкстандық жұп 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша А.Голубев те жарыс жолынан шығып қалды.
Жасөспірімдер турнирінде тағы бір қазақстандық 17 жастағы Аружан Сағындықова жарыстың 8-ракеткасы, бельгиялық Софья Костуласқа есе жіберді - 1:6, 2:6.
Аружан биыл қалған үш «Үлкен дулыға» турниріне қатысады. Келесі жылы 18-ге толғаннан кейін ересектер додасына қосылады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның ширек финалға шыққанын, Максим Батютенконың жасөспірім турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).