АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 14-ракеткасы Анна Данилина Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты.
Жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген А.Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге екінші айналымда аустралиялықтар, бұрынғы ресейліктер Дарья Касаткина – Арина Родионованың мысын басты.
Қазақстандық-сербиялық жұп 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсекеде Данилина – Крунич 2 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Касаткина – Родионова 1 эйс, 3 брейктен (8 брейк-пойнт) аса алмады.
Анна Данилина – Александра Круничтің келесі қарсыластары кейін белгілі болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Елена Рыбакинаның екінші жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік.
Аустралия чемпионатында Юлия Путинцева алғаш рет төртінші айналымға өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).