Australian Open: Анна Данилина миксте ширек финалға шықты

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Анна Данилина аралас жұпта Аустралия ашық чемпионатының ширек финалына өтті.

Қазақстандық теннисші америкалық Джеймс Трейсимен бірге екінші айналымда канадалық Лейла Фернандес – аустралиялық Ник Кирьоспен ойнады.

Бірінші партияда қазақстандық-америкалық дуэт 6:3 есебімен басымдылық танытты. Олар екінші сетте қарқынын тіпті үдетті – 6:1.

Небәрі 54 минутқа созылған бәсекеде Данилина – Треймс 1 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Фернандес – Кирьос 8 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды.

Анна Данилина – Джеймс Трейси жартылай финалға шығу үшін бразилиялық Луиза Стефани – сальвадорлық Марсело Ареваломен таласады.

Бұдан бұрын А.Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге жұптық сында да ширек финалға шыққан болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Заңғар Нұрланұлының үшінші айналымға жолдама алғанын жазған едік.