НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Александр Бублик пен Андрей Голубев жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық жұп алғашқы айналымда италиялық Сальваторе Карузо – фин Эмил Руусувуоримен күш сынасты.
Бірінші партия тағдыры тай-брейкте қазақстандықтардың пайдасына шешілді – 7:6 (8:6).
Бублик пен Голубев екінші сетте де есесін жіберген жоқ – 7:5.
Бәсеке 1 сағат 30 минутқа созылды.
Қазақстандық жұп екінші айналымда осы «Үлкен дулыға» турнирінің 1-ракеткалары, колумбиялықтар Хуан-Себастьян Кабаль – Роберт Фарахпен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның үшінші айналымға өткенін, Зарина Диястың төртінші айналымға шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).