Australian Open: Бублик пен Голубев турнирдің көшбасшыларын ұтты

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Александр Бублик пен Андрей Голубев жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық жұп екінші айналымда осы турнирдің көшбасшылары, колумбиялықтар Хуан-Себастьян Кабаль – Роберт Фарахпен кездесті.

Қазақстандықтар бірінші партияда 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Бублик пен Голубев екінші сетте де 5:3 есебімен алға шықты. Содан кейін матчқа доп бергенде, өз мүмкіндіктерін пайдалана білді – 6:4.

Бәсеке 1 сағат 11 минутқа созылды.

Қазақстандық жұп ширек финалға шығу үшін сальвадорлық Марсело Аревало – нидерландылық Матве Мидделкоппен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның үшінші айналымға өткенін, Зарина Диястың төртінші айналымға шыға алмағанын, Александр Бублик пен Андрей Голубевтің екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.