АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына жолдама алды.
Қазақстандық теннисші екінші кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 191-орындағы америкалық, 17 жастағы Ива Йовичпен бетпе-бет келді.
Рыбакина бірінші партияда бет қаратпады – 6:0.
Екінші сетте Йович ұзаққа созылған геймде есепті теңестірді – 1:1. Сосын тіпті брейк жасап кетті – 2:1. Дегенмен Елена алысқа ұзатпады – 3:3. Содан кейін өзі алға шықты – 5:3. Матчқа доп бергенде, қиналған жоқ – 6:3.
Бір сағат 20 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 4 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Йович 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) ғана көзге түсті.
Елена Рыбакина төртінші айналымға өту үшін әлемнің 33-ракеткасы, украиналық, 24 жастағы Даяна Ястремскаямен таласады. Ол небәрі 52-минутта черногориялық Данка Ковиничті ойсырата ұтты – 6:0, 6:1.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Юлия Путинцеваның үшінші айналымға жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).