Australian Open: Елена Рыбакина өткен жылғы көрсеткішін жақсартты

Фото: НОК

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының ширек финалына жолдама алды.

Қазақстандық теннисші төртінші айналымда әлемнің 21-ракеткасы, бельгиялық Элизе Мертенспен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар жеті рет кездесіп, соның алтауында Рыбакина жеңген еді. 
Бұл жолы Елена матчты қарқынды бастады – 6:1.

Екінші сетте есеп 2:2 болған мезетте Рыбакина брейк жасай білді. Ақыры матчты тағы бір брейкпен түйіндей алды – 6:3.

Бір сағат 17 минутқа созылған бәсекеде Е.Рыбакина 10 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Мертенс 3 эйспен шектелді. 

Ойыннан соң сұхбатында қазақстандық теннисші өзінің әзірге үздік матчын өткізгенін, енді алдағы бәсекеге дайындалатынын атап өтті. 

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 2-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек немесе рейтингіде 168-орындағы аустралиялық Мэддисон Инглистің қай жеңгенімен таласады.

Осылайша, Е.Рыбакина өткен жылғы көрсеткішін жақсартты. Ол 2025 жылы төртінші айналымға дейін жетіп, онда болашақ чемпион, америкалық Мэдисон Кизға жол берген еді. Биыл М.Киз төртінші айналымда отандасы, әлемнің 6-ракеткасы Джессика Пегуладан 3:6, 4:6 есебімен жеңіліп, чемпиондық атағын қорғай алмады. 

Қазақстандық теннисшінің 2023 жылы Аустралия ашық чемпионатының финалына дейін жетіп, әлемнің 1-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенкоға жол бергені белгілі. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатында Заңғар Нұрланұлының үшінші айналымға жолдама алғанын жазған едік.