Аустрия мен Словакияда аптап ыстықтың тарихи рекорды тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Еуропаны жайлаған аптап ыстық салдарынан Аустрия мен Словакияда ауа температурасы 41 градустан асып, тарихи рекорд тіркелді, деп хабарлайды Deutsche Welle .

Фото: Қоршаған ортаны қорғау агенттігі (EPA)

Аустрияның ұлттық метеорологиялық қызметі – GeoSphere Austria мәліметінше, Төменгі Аустрия федералдық жеріндегі Бад-Дойч-Альтенбург қаласында күндіз ауа температурасы 41,2°C-қа жетті. Метеорологтар мұны «экстремалды жылу күйзелісі» деп бағалап, әсіресе халықтың осал топтарына қауіп жоғары екенін ескертті.

Бұған дейін, 4 тамызда, Аустрия астанасы Венада да рекордтық ыстық тіркеліп, ауа температурасы 41°C-қа дейін көтерілген еді.

Көршілес Словакияда Мажарстанмен шекаралас Каменица-над-Гроном елді мекенінде термометр бағаны 41,4°C-ты көрсетті. Бұл елдегі ең жоғары температуралық көрсеткіштердің бірі саналады.

Экстремалды аптап өңір инфрақұрылымына да әсер ете бастады. Өзендердегі су деңгейінің төмендеуінен кеме қатынасы қиындап, су және электрмен жабдықтау жүйелеріне қауіп күшейді. Кейбір энергетикалық нысандар электр энергиясын өндіру көлемін қысқартса, бірқатар елді мекенде ауызсу тапшылығы байқалып отыр.

Мамандардың айтуынша, жоғары температура алдағы күндері де сақталады. Осыған байланысты тұрғындарға күннің ең ыстық уақытында сыртқа шықпау, сұйықтықты көбірек ішу және денсаулық жағдайына мұқият болу ұсынылды.

Айта кетейік, бұған дейін Италияның барлық 27 ірі қаласында аптап ыстыққа байланысты ең жоғары – «қызыл» қауіп деңгейі жарияланғанын жаздық.