Аустрияда биылғы қыста қар көшкінінен 20-дан астам адам қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – 20 ақпанда Аустрияның Альпі тауларында қар көшкінінен 5 адам қаза тапты, деп хабарлады Kazinform BBC-ге сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, зардап шеккендердің ішінде Германиядан келген 42 жастағы ер адам бар. Ол 16 жасар ұлымен бірге қар көшкінінің астында қалып, ұл Наудерс қауымдастығында құтқарылып, ауруханаға жеткізілді. Бұл аймақ Швейцария мен Италия шекарасына жақын орналасқан.
Сент-Антон тау шаңғысы курорты маңында үш шаңғышы, ал көршілес Форарльберг федералды штатында бір сноубордшы қар көшкінінен қаза тапты. Аустрияда биылғы қыста қар көшкіні салдарынан кемінде 21 адам қайтыс болды. Альпі тауларында да ондаған адам қаза тапқан.
Тироль аймағында қар көшкіні қаупі жоғары деңгейде сақталып отыр. Жұма күні екі қар көшкіні тіркеліп, екеуі де трассадан тыс жерде адам өліміне себеп болды. Полицияның хабарлауынша, Сент-Антон-ам-Арлберг маңындағы қар көшкінінен АҚШ, Польша және Аустрия азаматтары көз жұмған. 21 жастағы аустриялық ер адам ауруханада қайтыс болды. Тағы екі ер адам ауыр жарақат алған. Құтқару жұмыстарына төрт тау-құтқару жасағы, үш тікұшақ және төтенше жағдайлар қызметі жұмылдырылды.
Линц қаласында қар тазалау кезінде тағы бір адам опат болды. 53 жастағы ер адам қар тазалауға арналған баспалдақпен сырғанап, оны тазалаушы машина басып қалды. Ол оқиға орнында жан тапсырды.
20 ақпан күні жауған қар елдің оңтүстік-шығысында электр қуатының үзілуіне және көлік қозғалысының тоқтауына себеп болған. Штирия штатында жолдар жеке көліктер үшін жүріп-тұруға қолайсыздық тудырған. Қызыл Крест қоғамы кептелісте қалғандарға көмек көрсетіп жатыр. Сонымен қатар Вена халықаралық әуежайы уақытша жабылып, күндізгі рейстер тоқтатылды.
Бұған дейін Аустриядағы қар көшкінінен 8 адам қаза тапқанын жазғанбыз.