Ауылда мал ұрлығы өзекті мәселенің бірі болып қала бермек – ақтөбелік полицей

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов аудан тұрғындарымен онлайн кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов Мәртөк аудандық учаскелік полиция инспекторларының жұмысын пысықтады. Ауданға барып, тұрғындардың сұрағына онлайн жауап берді. Аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрлан Өтегеновтың айтуынша, былтыр ауданда тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы саны 12% азайған. Бөтеннің мүлкін ұрлау 40% төмендеді. Ал қылмысты ашу көрсеткіші - 75%.

«Ауылда мал ұрлығы өзекті мәселенің бірі болып қала бермек. Өткен жылы 20 мал ұрлығы дерегі тіркелді. Жайылымнан жоғалып кететіні көп. Жедел іздестіру кезінде 428 бас мал иесіне қайтарылды. Бұл 82,2 миллион теңгеге бағаланған мал саны. Облыстық полиция департаментінің бастығы А.Арыстанов аса ауыр қылмыс түрлерін, кісі өлтіру, мал ұрлығы, мас күйіндегі, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмысты азайтуды тапсырды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің хатшысы Ерболат Сарқұлов.

Кездесу соңында А.Арыстанов азаматтарды онлайн-қабылдау өткізіп, олардың қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Бұдан кейін облыстық ПД басшысы аудандық полиция бөліміне және учаскелік полиция пунктіне барды.