Ауылды дамытуға былтыр 3,1 трлн теңге жеке инвестиция бөлінген

АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауылды дамытуға салынған жеке инвестицияның көлемі артып келеді. Бұл жайында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауылдарды дамытуға бөлініп жатқан мемлекеттік бюджет көлемінің ұлғаюы жеке инвестициялар үлесін де арттыра түсті.

2019 жылы жеке инвестициялардың көлемі 2,5 трлн теңге болса, 2022 жылы 3,1 трлн теңге болды», - деген министр ауылдарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасына тоқталды.

«Тұжырымдамада ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсарту бойынша «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру, сумен, электрмен, газбен жабдықтау, шекарамаңы аумақтарында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қамту, жергілікті маңызы бар жолдарды салу, жөндеу және әлеуметтік объектілер құрылысы бойынша шаралар қамтылған», - деді Әлібек Қуантыров.

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов биыл республикалық бюджеттен «Ауыл - ел бесігі» жобасына 198 млрд теңге бөлінгенін мәлім етті. Сондай-ақ ол әкімдерге ауылдарды дамытуға жеке инвестицияларды тарту жұмысын жеделдетуді тапсырды.

Сондай-ақ Үкімет басшысы ауылға бөлінген қаржыны игермеген өңірлерді сынға алды.