НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дохада ауыр атлетикадан Катар кубогы жарысы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Лицензиялық бұл додада Қазақстаннан барлығы жеті атлет өнер көрсетті.
Илья Ильин 96 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, қоссайыс қорытындысында бесінші орынды қанағат тұтты.
Тағы бір қазақстандық Ибрагим Берсанов 109 келіге дейінгі салмақта жүлдеге қол созым жерден тоқтап, төртінші орынға ие болды.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін Игорь Сонның Катардағы турнирде жеңімпаз атанғанын, ал Раушан Мешітханованың үздік төрттікке іліккенін жазған болатынбыз.
Осылайша Қазақстан құрамасы олимпиадаға іріктеу сайыстарының бірі саналатын, рейтингтік ұпайлар берілетін турнирде жалғыз медальмен шектелді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).