Австрияда 11 оқушының өмірін қиған атқышқа қатысты тың дерек жарияланды

Фото: pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропа жұртшылығын есеңгіреткен қайғылы оқиға Австрияның Грац қаласында болды. Мұнда 21 жастағы тұрғын мектеп оқушыларына оқ жаудырып, 11 оқушыны өлтіріп, тағы 10 адамды жарақаттады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, атқыш бұл шабуылды мұқият жоспарлап, мектептегі қанды оқиғаны әдейі жүзеге асырған. Кейін оның үйінен қоштасу хаты мен істен шыққан қолдан жасалған бомба табылды.

Қолдан жасалған жарылғыш құрылғы жұмыс істемегенімен, тергеушілер оның құрамында барлық қажетті компонент болғанын айтты. Сонымен қатар, табылған жазбаларда күдікті өз жоспарын толық аяқтауға уақыты болмағанына өкінетінін білдірген.

Табылған заттардың арасында қоштасу хаты да болды. Алайда тергеушілердің айтуынша, ол хатта қылмыскердің бұл әрекетке не үшін барғаны туралы нақты мәлімет жоқ, негізінен отбасынан кешірім сұрауға арналған көрінеді.

Австрия тергеушілері 21 жастағы жігіттің анасымен бірге тұрғанын және тұйық өмір салтын ұстанғанын анықтады. Ол шынайы өмірден оқшауланып, онлайн әлемде өмір сүрген және атыс жанрындағы компьютерлік ойындарға әуес болған.

Үш жыл бұрын ол мектепті тастап кеткен және оқуын аяқтамаған. Оның бұрын сотталғаны туралы мәлімет жоқ.

Штирия федералды жерінің полиция бастығы Михаэль Лонеггердің айтуынша, күдікті мектепке сейсенбі күні таңғы 9:43-те кірген. Оның арқасында Glock 19 тапаншасы, қосауыз мылтық және оқ-дәрі салынған рюкзак болған.

Алдымен ол үшінші қабаттағы мектеп дәретханасына барып, белдікке тапаншасын іліп, арнайы көзілдірік пен құлаққап киген. Сол кезде мектепте 400-ге жуық оқушы болған. Қару асынған қылмыскер екінші қабатқа түсіп, айналасындағыларға оқ жаудырған. Сағат 10:07-де ол қайтадан үшінші қабаттағы дәретханаға барып, сол жерде өзін-өзі атып өлтірген.

Полицияның алғашқы патрулі мектепке сағат 10:06-да жеткен. Оқиға орнына құқық қорғаушылар келгенде, атыс аяқталып, қаскөйдің өлі денесі табылған.

Тергеушілердің болжамынша, 21 жастағы күдікті мектепте атқан адамдармен таныс болмаған. Алайда қаза тапқан мұғалім кезінде дәл осы мектепте оның ұстазы болған көрінеді.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Тергеушілер күдіктінің ноутбугі мен USB құрылғысын сараптамадан өткізеді.

Қылмыскердің бұл әрекетке не үшін барғаны жөнінде нақты деректер әзірге жоқ.

Бұған дейін хабарланғандай, Австрия үш күн аза тұтады.