Автобус өртінен аман қалғандарды ауруханадан шығару үшін құқық қорғаушылардың рұқсаты керек
Самара-Шымкент тасжолында автобус өртеніп, 52 адам қаза болған болатын. Сол кезде 5 адамды күйік шалып, Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. Олардың үшеуі Қазақстан, екеуі Өзбекстан азаматы. Қазір бәрінің денсаулығы жақсы, дәрігерлер оларды ауруханадан шығаруға дайын.
«Автобус өртінен соң жедел жәрдем ауруханасына 5 адам жеткізіліп, ем алды. Олардың жағдайы тұрақты, қанағаттанарлық. Қолдары күйген адамның жарасы жазылып келе жатыр. Шынын айтқанда, бәрі стационарлық ем алып болды. Шығаруға дайынбыз. Тергеу жұмыстары жүріп жатқан соң аман қалған адамдардың бәрі ауруханада болады. Таяуда Шымкенттен туған-туыстары келді. Бірақ кездесуге болмайды, оларды ішкі істер органдарының қызметкерлері күзетіп отыр», - деді Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Рақымжан Арыстан.
Айта кетерлігі, Автобус өртінен аман қалғандар енді құқық қорғаушылардың рұқсатымен ғана шығарылады.