Автобустар кезегі: Алматыда газ құю бекеттерінің саны қашан көбейеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жаз соңына дейін автобустарға газ толтыру компрессорлық станцияларының санын 8-ден 12-ге дейін көбейту жоспарланып отыр.

Видеодан алынған кадр

Бүгін Алматы мәслихатының сессиясында газ құю бекеттеріндегі қалалық автобустардың ұзын-сонар кезекте тұруы және олардың жұмысына қатысты мәселе көтерілді. Депутаттар бұл жағдайдың себебін түсіндіруді және мәселенің қашан шешілетінін хабарлауды сұрады.

Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев күн сайын қала жолдарына шамамен 3 200 автобус шығатынын, оның 2 мыңнан астамы табиғи газпен жұмыс істейтінін атап өтті.

Айтуынша, қалада жұмыс істеп тұрған станциялар тәулігіне тек 200 мың текше метрге жуық газ бере алады. Ал автобус парктерінің сұранысы — 600 мың текше метр. Осылайша, тапшылық 350 мың текше метрге жуықтап отыр.

— Олардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін күн сайын шамамен 600 мың текше метр газ қажет. Бүгінде қалада 8 мамандандырылған газ құю станциясы жұмыс істейді. Дегенмен жазғы уақытта газ қысымы төмендейді, сондай-ақ үш станция жөндеуге уақытша жабылды. Бұл өз кезегінде кезектің күшеюіне әкеп соқты, — деп түсіндірді ол.

Ержан Диханбаев мәселені шешу үшін Алматыда тағы төрт мамандандырылған газ құю станциясы салынып жатқанын айтты. Оның сөзінше, жаңа бекеттердің екеуі қазірдің өзінде сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Ал қалған екеуін жаз соңына дейін аяқтау жоспарлап отыр.

Сондай-ақ ол қалалық автобустардың әдеттегі автогазды емес, арнайы станцияларды талап ететін сығымдалған табиғи газды пайдаланатынын баса айтты. Сол себепті автобустар жеңіл көліктерге арналған қарапайым автогаз құю бекеттерінде жанармай құйдыра алмайды.

Талқылау барысында депутат Әкім Тұрсын жүргізушілердің еңбек жағдайына назар аударды. Ол түнгі уақытты газ құю бекеттеріндегі кезекте өткізіп, таңертең қайтадан жолға шығуға мәжбүр болатын жүргізушілердің қаншалықты демалып үлгеретінін сұрады. Оның пікірінше, жүргізушілер демалысының аз болуы жолаушылар тасымалының қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуі мүмкін.

Ержан Диханбаев бірқатар автопарктерде түнгі уақытта автобустарға өздері барып газ толтырып қайтатын арнайы қызметкерлер бар екенін айтты. Егер жүргізуші газ құю процесіне өзі қатысса, ол келесі күні бағытқа шықпайды.

— Барлық кесте еңбек және демалыс режимін ескере отырып жасалады. Жүргізушілер ауысыммен жұмыс істейді, сондықтан қауіпсіздік талаптары сақталады, — деп сендірді басқарма басшысы.

Еске салайық, бұған дейін алматылықтар газ құю бекеттерінің алдында ұзын-сонар кезекте тұрған автобустардың бейнежазбаларын жариялады.