Автомектептерді әр адамнан ақша жинауға кім мәжбүрлеп отыр: ІІМ тексеріс бастады

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Мақсат Толықбай автомектептің кіреберісінде QR-код арқылы 8,5 мың теңге төлеу талабын сынға алды.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Оның айтуынша, депутаттарға автомектептерге қатысты тұрғындардан шағымдар көбейген.

- Қазір жүргізуші куәлігін алу үшін әрбір адам 2,5 ай автомектеп базасына тіркеледі, толық курстан өтуге міндетті. Бұл өз кезегінде дұрыс талап. Осы үшін әркім оқу ақысын төлейді. Бірақ одан бөлек автомектептің кіреберісінде QR-код тұрады және ол бойынша 8,5 мың теңге төлеуге міндеттісің. Бұл төлем автомектепке қатысы жоқ. Жылына шамамен 670 мың адам жүргізуші куәлігіне тапсырады. Әрқайсы 8,5 мың теңгеден төлесе, жылына 5,6 млрд теңге жиналады. Бұл қомақты қаражат кімнің қалтасына кетіп жатыр? Осы ақша Үкіметке де, ІІМ жүйесіне де түспейді, яғни ашық есепте жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша бұл қаражат шетелде тұратын жеке адамның қалтасына түсіп жатыр. Бұл ашық түрде қалыптасқан «көлеңкелі» қаржы айналымы және ықтимал лоббистік схема емес пе? Автомектептерді әр азаматтан міндетті түрде ақша жинауға кім мәжбүрлеп отыр? Бұл заңсыз қаржы айналымын қашан тоқтатасыздар? Ресми тексеріс қашан басталады?, - деп сұрады Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай.

Өз кезегінде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл мәселе бұған дейін Мәжілістегі жұмыс тобының отырысында көтерілгенін еске салды.

- Қазір Әкімшілік полиция комитеті қызметтік тексеріс бастады. Сонымен қатар, заң жобасы аясында жұмыс тобындағы талқылау кезінде дұрыс шешім қабылданған еді. Сондықтан автомектептер мен әкімшілік полиция арасында ешқандай түрлі одақтар мен делдалдар болмауы керек екені нақтыланды. Бұл ретте сыбайлас жемқорылыққа жол берілмеуі керек. Осы тұрғыда шара қабылдаймыз, - деді министрдің орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қауіпсіздігін цифрландыру және жүргізушілерді даярлау саласындағы кәсіпкерлік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.