Брифингте журналистер Мемлекет басшысының Жолдауында автожол саласындағы мәселелер, соның ішінде құрылыс мерзімдерінің бұзылуы және орталық пен өңірлер арасындағы жауапкершіліктің нақты бөлінбеуі сынға алынғанын еске салды.
Сондай-ақ саладағы жағдайға байланысты қозғалған қылмыстық істер, 36 млрд теңгенің тендерлерінің күшін жою мәселесі көтерілді. Осы орайда журналист «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жол сапасын бақылау тетігі нақты қалай өзгеретінін сұрады.
Дархан Иманашев автожол саласына қатысты айтылған сын-ескертпелер мен келтірілген фактілерді мойындады.
— Жұмыс тобы құрылды. Онда жол саласына қатысты осы уақытқа дейін шешімін таппаған және өзекті мәселелердің барлығы қарастырылып жатыр. Жұмыс тобы аясында тиісті ұсыныстар әзірленіп жатыр, — деді ол.
Оның айтуынша, жұмыс барысында бірнеше түйткіл анықталған. Атап айтқанда, құрылысқа қажетті карьерлерді анықтау мерзімі ұзаққа созылады. Сонымен қатар құрылыс барысын техникалық қадағалау қызметінің жұмысы да сын көтермейді.
Осыған байланысты техникалық қадағалау қызметін Жол активтері сапасының ұлттық орталығына беру ұсынылған.
— Қазір жұмыс тобы аясында басқа да ұсыныстар қарастырылып жатыр. Осы айдың соңына дейін олар Премьер-Министрге ұсынылып, тиісті жол картасы бекітіледі. Онда қысқа мерзімде жүзеге асырылатын жедел шешімдер де, ғылыми негіздеуді қажет ететін ұзақ мерзімді шаралар да қамтылады. Басты назарда — жол сапасы, бақылау және құрылыс мерзімдерін қысқарту мәселелері, — деді Дархан Иманашев.
Бұдан бөлек, журналистер автожол саласындағы заңбұзушылықтарға қатысты қозғалған қылмыстық істердің нәтижесі туралы сұрады.
«ҚазАвтоЖол» басшысы қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Алайда оның нәтижелері әзірге таныстырылмағандықтан, бұл мәселеге қатысты түсініктеме бере алмайтынын жеткізді.
Бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев қаражаттың қай салаларға бөлінетінін түсіндірді.