Ауқымды құрылыс: Нұрлыбек Нәлібаев қаражаттың қай салаларға бөлінетінін түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы аясында өңірлерде қандай нысандар салынатынын және оларға қанша қаражат бағытталатынын айтып берді. 

Ауқымды құрылыс: Нұрлыбек Нәлібаев қаражаттың қай салаларға бөлінетінін түсіндірді
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform11:42

Оның айтуынша, Қазақстан дамудың жаңа тарихи кезеңіне қадам басты. Еліміз ауқымды саяси реформаларды табысты жүзеге асырды. Оның аясында халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған аса маңызды бастамалар қолға алынды.

2027 жыл Жалпыұлттық ауқымды құрылыс жылы деп жарияланды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірлерінде әлеуметтік, көлік және инженерлік инфрақұрылым жобаларын іске асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталады.

— Бұл жұмыстар басталып та кетті. Құрылған инфрақұрылымды дамыту қоры аясында жалпы сомасы 1,5 трлн теңге болатын 262 жоба мақұлданды. Бірінші кезекте қомақты қаражат әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталып жатыр. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласында жалпы 344 млрд теңгеге 41 жоба іске асырылады. Бұл қаражатқа жаңа ауруханалар, перинаталдық орталықтар және перзентханалар салынады, — деді Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Мәдениет, туризм және спорт салаларын дамытуға — 266 млрд теңге қаржы бағытталып, 23 нысан салынады. Олардың қатарында спорт кешендері, мәдениет сарайлары, театрлар басқа да әлеуметтік маңызды нысандар бой көтереді.

Білім беру саласында — мектептер мен көпфункционалды кешендердің құрылысын қоса алғанда 101 млрд теңгеге 28 жоба іске асырылады.

Көлік инфрақұрылымын дамытуға 369 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа бірқатар жол қайта жаңғыртудан өтеді. Жаңа автомобиль жолдары, көпірлер салынып, 48 жоба іске асырылады.

— Сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін дамытуға 284 млрд теңге бағытталып, 55 нысан қамтылады. Олардың қатарында магистралдық су құбырлары, тазарту құрылыстары, қорғаныс бөгеттері мен су бөгеттері бар. Жылумен және газбен жабдықтау жүйелерін дамыту бойынша 67 жобаны дамытуға 136 млрд теңге қарастырылған. Бұл қағаз бетіндегі жоспар ғана емес, осы 122 жобаны іске асыруға қазірдің өзінде нақты 497 млрд теңге қаржы бөлінді, — деді вице-премьер.

Нұрлыбек Нәлібаев инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған 6,5 трлн теңгенің барлығы Үкіметтің қатаң бақылауында болатынын ерекше атап өтті.

Құрылыс саласы әрдайым ел экономикасының негізгі қозғаушы күшінің бірі болып келеді. Биылғы 9 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 7,8 трлн теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 11,5% өсті. Жыл соңына дейін республика бойынша 20 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі.

— Енді Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасына сәйкес, біз Ауқымды халықтық құрылыс бағдарламасын әзірлеуге кірістік. Оның аясында республика бойынша құрылыс көлемі арта түседі. Құрылыс жүріп жатқан нысандардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Қаражаттың жұмсалуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету үшін Халықтық құрылыс жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылады. Ауқымды құрылыс жұмыстары отандық құрылыс материалдарымен және өндірістік базамен қамтамасыз етіледі, — деді спикер.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылысқа» 6,5 трлн теңге бөлінетінін айтқан еді.