Автожол сапасы, транзиттік тасымал, әуе көлігі: инфрақұрылымды дамыту нәтижесі қандай
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылдың және Қазақстан аумағында экономиканы көтерудің негізгі бағыттарының бірі – транзиттік және көлік инфрақұрылымын дамыту. Қазақстан осы саланы жетілдіруге ерекше мән беріп отыр. Кейінгі жылдары елімізде осы мақсаттарға қомақты қаражат бөлінді. Ляньюньгандағы логистикалық орталық, «Қорғас» құрғақ порты, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік тас жолы, Қытайдан Иранға теміржол дәлізі, «Құрық» және «Ақтау» теңіз порттарын жаңғырту сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар іске қосылды. Сондай-ақ «Бақты – Аягөз», «Дарбаза – Мақтаарал» бағытындағы жаңа теміржол желілерінің құрылысы басталып, «Достық-Мойынты» учаскесінде екінші жол төселіп жатыр. Бұл тұрғыда осы ірі жобалар бойынша деректерді көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.
Теміржол саласындағы маңызды жобалар
Кейінгі жылдары ірі теміржол жобаларын іске асыру басталды. Көлік министрлігі теміржол көлігі саласындағы 4 ірі инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруды жалғастырып келеді.
«Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолын салу жобасы аясында қазіргі кезде жол төсеміне (7,3 млн текше метрдің 6,7 млн текше метрі (92%) толтырылған) қатысты, сондай-ақ рельс және шпалды орнату жұмыстар атқарылып жатыр. 27 көпір (29%, барлығы 92 көпір) және 200 құбыр (76%, жалпы 263 құбыр) салынды. Бұл жол учаскесіне 451 техника мен 987 адам жұмылдырылған. Жоба аясында 2024 жылға 165,4 млрд теңге қарастырылған. Бес айда соның 58,1 млрд теңгесі игерілді. Жалпы, жобаны жүзеге асыру кезеңі 2022-2025 жылдарға белгіленіп, оның құны 543 млрд теңгеге бағаланды. 836 шақырымға созылған бұл жол көлік өткізу мүмкіндігін 5 есе арттырады.
Алматы маңындағы айналма теміржол желісін салу жобасы бойынша аталған учаскеде жерді қазу жұмастары атқарылып жатыр, яғни бұл бағытта жоспардағы 6,2 млн текше метрдің 2,1 млн текше метрі қамтылды. 6 көпірді жасауға тапсырыс беріліп, 15 құбыр салынды. Жол учаскесінде 446 адам мен 186 арнайы техника жұмылдырылған. Осында 2023 жылы басталған жұмыстар келер жылы аяқталуы тиіс. 73 шақырымға созылған бұл жолдың құны 151,8 млрд теңгеге бағаланған.
Сонымен қатар, «Дарбаза – Мақтаарал» жобасына тоқталсақ, биылғы мамыр айында өткізілген конкурстық рәсімдердің қорытындысы бойынша мердігер ұйым ретінде «Integra Construction KZ» ЖШС анықталды.
Топографиялық-геодезиялық және геологиялық жұмыстар аяқталды. Қазір жерді қазу жұмыстары басталды.
Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының қорытындысы аясында жобаның құрылысына бұрын Ұлттық қордан бөлінген 44,2 млрд теңге сомасындағы дағдарысқа қарсы қаражатты қайта пайдалану мақұлданды.
Бұл тұрғыда Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар банкі және Азия даму банкі есебінен қаржыландыру пысықталып отыр. 2024 жылы аталған жоба аясында 44,2 млрд теңге игеріледі. 2026 жылға дейін салынатын теміржолға 286,9 млрд теңге жұмсалмақ.
Бұдан бөлек, «Бақты – Аягөз» жобасы жеке инвестор – «ГлобалТранс Компани» ЖШС есебінен жүзеге асырылып жатыр. Инвестор биылғы шілде айында техниканы, персоналды жұмылдыру және инертті материалдарды дайындауды жоспарлап отыр. Биыл жоба бойынша 3,6 млрд теңге игеріледі. 2024-2027 жылдар аралығын іске асырылатын теміржолға 577,5 млрд теңге бағытталады.
Транзиттік тасымалда оң нәтиже бар
Бес жыл ішінде транзиттік тасымалдау көлемі 1,7 есе өсті (2019 жылғы 19,4 млн тоннадан 2023 жылғы 32,3 млн тоннаға дейін). Теміржол саласына инновацияларды енгізу аясында әлемнің үздік компаниялары тартылды: Huawei, Wabtec, Alstom, PSA және басқалары.
Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша жұмыс жалғасып жатыр, біртұтас «жасыл дәліз» енгізілді. Жүктерді тасымалдау уақыты 2 есеге (28-30 күннен 14 күнге), Қазақстан аумағы арқылы 5 күнге дейін қысқарды.
2024 жылдың 28 ақпанында Сиань (ҚХР) құрғақ портында ҚХР мен ЕО арасындағы контейнерлік пойыздардың жалпы көлемінің 40%-ға дейін құрайтын Көлік-логистикалық орталық іске қосылды.
Автожол сапасы қандай
2019-2023 жылдар аралығында жол инфрақұрылымын жақсартудың ауқымды бағдарламасы аясында 35 мың шақырымнан астам жол салынып, жөнделді. Осы жұмыстардың нәтижесінде республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың сапасы айтарлықтай жақсарды.
Жаңа және қайта салынған жолдардың жалпы көлемі 2,2 мың шақырымды құрады. Бұл жобалар өңірлердің көлік байланысын айтарлықтай жақсартып, экономиканың өсуіне жағдай туғызған жаңа бағыттарды салу және қолданыстағы жолдарды жаңғыртуға мүмкіндік берді.
Республикалық жолды жөндеу аясында 12,2 мың шақырым қамтылды. Бұл шаралар еліміздің негізгі магистральдарының сенімділігі мен қауіпсіздігін айтарлықтай арттырды.
Жергілікті жол желісі де айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Осы кезеңде 21 мың шақырым жол жөнделді. Асфальт қабатын жаңарту, көпірлерді жөндеу және жол жиектерін нығайту жергілікті жолдарды тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз етті.
Бұл тұрғыда нормативтік талаптарға сәйкес келетін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 4 пайызға ұлғайып, 92 пайызға дейін өсті. Нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 87 пайызға дейін өсті, бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 19 пайызға жоғары.
Жол бойындағы инфрақұрылым
Кейінгі 5 жылда 200-ден астам жол бойындағы қызмет көрсету нысаны салынды, бұл өз кезегінде жүргізушілер мен жолаушылар үшін инфрақұрылымды айтарлықтай жақсартты. Осы нысандар арасында жанармай құю станциялары, қонақ үйлер, дәмханалар, санитарлық тораптар, дүкендер және басқалары бар.
Бұл іс-шаралар жол бойындағы қызмет көрсету сапасын айтарлықтай жақсартуға ықпал етті. Ұлттық стандартқа сәйкес келетін нысандардың үлесі 52 пайыздан 82 пайызға дейін өсті.
Ұлттық стандарт қызмет көрсету сапасына, қауіпсіздікке, санитарлық жағдайға қойылатын талаптарды қамтиды. Осы стандарттарды орындау жол бойындағы бұл нысандардың заманауи талаптарға сай сапалы қызмет көрсетуін қамтамасыз етеді.
Өңірлерге жаңа автобустар керек
5 жыл ішінде қалалық автобустардың тозуы көрсеткіші 20 пайызға төмендеді, яғни 2019 жылғы 53 пайыздан 2023 жылғы 33 пайызға дейін.
Бұған елімізде шығарылатын автобустарды сатып алуда жеңілдетілген лизингтік қаржыландыру бағдарламасы ықпал етті. 2018-2023 жылдарға республикалық бюджеттен 80,7 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, өңірлерде 4 мыңнан астам автобус сатып алынған. 2024 жылы бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 20 миллиард теңге бөлінді.
Әуе көлігінің қауіпсіздігі
2023 жылдың қорытындысы бойынша отандық әуе компаниялары 13,3 миллион жолаушы тасымалдады, бұл көрсеткіш 2019 жылмен салыстырғанда (8,6 миллион жолаушы) 55 пайызға артық. Ұшу қауіпсіздігінің стандарттарына сәйкестік деңгейі 74 пайыздан 82 пайызға дейін өсті, бұл орташа әлемдік көрсеткіштен 15%-ға артық.
Қазіргі кезде қазақстандық әуе компанияларының Еуропа одағы елдеріне бағытталған сапарына ешқандай шектеу қойылмаған. 7 отандық әуе компаниясы (Air Astana, СКАТ, Комлюкс, Прайм, Қазэйрджет, Флайджет, Альфа Скай) Еуропаға ұшуға рұқсат алды.
Елімізде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін арттыру жұмыстарының нәтижелері бойынша биыл ақпан айында Еуропа одағының техникалық бағалауы сәтті аяқталды.
«2022 жылдан бастап біз Еуропа комиссиясымен және Еуропалық ұшу қауіпсіздігі агенттігімен (EASA) Қазақстандағы әуе сапары қауіпсіздігі туралы ақпарат алмасуда өте тығыз жұмыс істедік. Біз техникалық мәселелерге арналған кездесулерде үнемі ақпарат беріп отырдық, сонымен қатар жыл сайын ЕО авиациялық билік органдары сарапшыларының қатысуымен Еуропа комиссиясы отырысында пікір алмасу ұйымдастырылып келді. 2022 жылдан Қазақстандағы әуе көлігіндегі қауіпсіздік деңгейін арттыру мәселелері бойынша EASA сарапшыларымен және Ирландияның авиациялық билік органдарымен үшжақты өзара іс-қимыл басталды», – делінген Көлік министрлігінің ақпаратында.
Айта кетейік, 2020 жылы Түркістан қаласында жаңа әуежайы салынып, бұл өз кезегінде елімізде бұл саланы дамытуда маңызды шешім болды.
Ғимараттың жалпы ауданы 905,3 гектар, жолаушылар терминалының ауданы – 10,5 мың шаршы метр, ұшу-қону жолағының көлемі – 3 300х45 метр, өткізу қабілеті сағатына 450 жолаушыны құрайды. Әуежай Түркістан қаласынан шығысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Әуежай коды: ICAO-UAIT, IATA-HSA.
Түркістан әуежайы арқылы 2021 жылы - 301 609, 2022 жылы - 373 826, 2023 жылы - 359 484 және 2024 жылдың 1 тоқсанында 70 499 жолаушы тасымалданған.
Қазіргі кезде бұл әуежайдан Ыстанбұлға, Әбу-Дабиге және Кувейтке Turkish Airlines, Wizz Air, Jazeera әуе компаниялары арқылы халықаралық қатынас бар. Ішкі бағыттар бойынша рейстер Түркістан әуежайынан еліміздің қалаларына орындалып жатыр.