Аяулым Әмренова: бұл Олимпиада мен үшін өзгеше болмақ
ЛИВИНЬО.KAZINFORM — Италияның Ливиньо қаласында өтетін фристайл-могул бәсекесі XXV қысқы Олимпиада ойындарындағы ең тартысты жарыстардың бірі болмақ.
Осы орайда, Kazinform тілшісі Олимпиада қарсаңында дайындық жүргізіп жатқан ұлттық құрама спортшыларымен кездесіп, ашылу салтанатында Қазақстанның көк байрағын алып шығу мәртебесіне ие болған отандасымыз Аяулым Әмреновамен тілдесіп қайтты.
Спортшының айтуынша, дайындық жоғары деңгейде өтіп жатыр.
— Барлығы ойдағыдай. Ауа райы мен табиғаты, сонымен қатар көңіл күйім де өте жақсы. Алғашқы Олимпиадаға жас кезімде қатыстым, көп нәрсені сезіне алмадым. Екінші Олимпиада карантин кезеңіне тұспа-тұс келді. Ал бұл жолы өзімді жайлы әрі еркін сезініп жүрмін, — деді Аяулым.
Сондай-ақ ол бұл Олимпиаданың өзі үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті.
— Еліміздің көк байрағын көтеріп жүру әркімге бұйыра бермейтін үлкен бақыт. Бұл — мен үшін зор мәртебе. Ту ұстайтынымды естігенде алғашында сенбей қалдым. Дегенмен осындай сенім артылғанына шексіз қуандым. Президентімізбен жолыққан сәттегі ішкі толқынысымды сөзбен жеткізу қиын. Сондықтан бұл Олимпиаданың мен үшін орны бөлек, — деді спортшы.
Бұдан бөлек, могулшы Олимпиада өтетін жарыс трассасына да тоқталды.
— Трассаның басты ерекшелігі — ұзындығы 250 метрге жетеді. Бұл айтарлықтай қиын. Себебі халықаралық жарыстарда ең ұзын трассалардың өзі 236 метрден аспайды. Қардың басым бөлігі табиғи болғандықтан, Шымбұлақпен салыстырғанда жұмсақтау. Сонымен қатар теңіз деңгейінен 2 мың метр биіктікте орналасқандықтан, өзімді біршама жеңіл сезіндім, — деді Аяулым Әмренова.
Айта кетейік, фристайл-могул спортынан Олимпиада ойындарында Қазақстан атынан төрт спортшы өнер көрсетеді. Олар — Павел Колмаков, Анастасия Городко, Юлия Галышева және Аяулым Әмренова.
Осыған дейін Қазақстанда фристайл спортының дамуы туралы жазған едік.