АСТАНА. KAZINFORM — Таиландтың Чиангмай қаласында бокстан Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Айбек Оралбай соңғы болып рингке көтерілді.
Жартылай финалда өзбекстандық Жахонгир Зокировті жеңіп, финалға шыққан А.Оралбай 92 келіден жоғары салмақта қытайлық Абудурешити Ремуламен қолғап түйістірді.
Бірінші раундта Айбектің ауыр соққылары қарсыласына дәл дарып жатты — 5:0.
Қазақстандық боксшы екінші кезеңде қарқынын төмендетпеді — 5:0. Ол үшінші раундта да шеберлігінің жоғары екендігін көрсете білді. Қорытынды есеп — 5:0, Айбек Оралбайдың пайдасында.
Осылайша, бүгін соңғы бәсекеге шыққан қазақстандық 9 боксшының төртеуі алтын, бесеуі күміс алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Махмұд Сабырханның алғаш рет бокстан Азия чемпионатында топ жарғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Бекзат Нұрдәулетов Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Сағындық Тоғамбай қарсыласын нокаутпен ұтып, Азия чемпионы атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).