Айдарбек Қожаназаров жаңа Конституцияда теңгені ұлттық валюта деп бекітуді ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Конституцияда «Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге» деп нақты бекіту бастамасын көтерді.
Депутаттың айтуынша, ұлттық валюта — мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігі мен егемендігін айқындайтын негізгі көрсеткіштің бірі. Төл валюта дербес ақша-несие саясатын жүргізуге мүмкіндік береді. Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ішкі нарықты қорғайды. Әлемдік дағдарыстарға дер кезінде жауап беруге жол ашады.
— Теңге ел азаматтарының күнделікті өмірімен тығыз байланысты. Ол еңбекақы төлеуде, сауда-саттықта, қызмет көрсету саласында, жалпы экономикалық қатынастардың барлығында қолданылады. Демек, теңге ел экономикасының жұмыс істеу тетігін ғана емес, қоғамның әлеуметтік ахуалын да айқындайды. Ұлттық валюта мемлекеттің тарихи жолын, тәуелсіздік кезеңіндегі қалыптасу тәжірибесін де бейнелейді. Теңге — Қазақстанның өз даму бағытын таңдағанын, қаржылық және институционалдық тұрғыдан дербес мемлекет ретінде орныққанын көрсетеді, — деді А. Қожаназаров Конституциялық комиссияның 8-ші отырысында.
Теңгенің мәртебесін Конституция деңгейінде бекіту Қазақстанның экономикалық дербестік қағидатын айқындауға мүмкіндік береді. Бұл теңгенің институционалдық маңызын Ата заң деңгейінде нақтылап, қаржы-валюта айналымы саласындағы мемлекеттік саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етеді. Ұзақ мерзімді перспективада қаржылық және макроэкономикалық тұрақтылықтың құқықтық негіздерін нығайтады.
— Осы мәселені Ата заңда бекіту арқылы оны түбегейлі шешіп, болашақта әртүрлі алып қашпа пікірлер мен алыпсатарлық әңгімелердің алдын алар едік. Алайда әлемдік қаржылық архитектураның өзгеру жағдайында ұлттық валюта мәселесін нақты әрі айқын реттеудің маңызы арта түсуде. Мұндай кезеңде мемлекеттің өз валютасына қатысты ұстанымын ең жоғары құқықтық деңгейде бекіту ерекше өзектілікке ие, — дейді Respublica партиясының жетекшісі.
Оның айтуынша, Ұлттық валютаның мәртебесін Конституцияда бекіту экономикалық дербестікті нақтылайды, теңгенің институционалдық маңызын күшейтеді, қаржы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етеді.
— Қазір теңге мәртебесі заңмен реттелген. ҚР Ұлттық Банкі туралы заңға сәйкес, ұлттық валютамыз — теңге. Алайда әлемдік қаржы жүйесі өзгеріп жатқан жағдайда бұл мәселені конституция деңгейінде нақтылау аса маңызды деп ойлаймын. Ұлттық валютаны Конституция деңгейінде көрсету халықаралық тәжірибеде кең таралған. Түркия, Гүржістан, Өзбекстан сияқты елдердің конституцияларында қаржы жүйесіне қатысты нормалар көрсетілген. Ал Әзербайжан, Армения, Қырғызстанның Ата заңында ақша бірлігі нақты белгіленген, — дейді депутат.
Бұдан бұрын «Қазақстан заңгерлер одағы» Конституция жобасын бүкілхалықтық референдумға шығару ұсынысын қолдағанын жазғанбыз.