Айдос Сұлтанғали: Олимпиадада табысқа жетуге күш саламын

Фото: Фото: Қазақстан күрес түрлері федерациясы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордалық грек-рим күресінің шебері Айдос Сұлтанғали Париж Олимпиадасында бақ сынайды. Қазір ол дүбірлі додаға дайындық барысын пысықтауда.

Тәжірибелі балуан Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен лицензиялық турнирде Олимпиада жолдамасына ие болған еді. Алдымен ол Ирак балуанын жеңіп, одан кейін тәжікстандық Асламжон Азизовты қапы қалдырды. Шешуші кезеңде тайпейлік балуанды айқын басымдықпен жеңді. Осылайша Париж Олимпиадасына жолдама алды.

Айдос Сұлтанғали 1996 жылы 7 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Оған Виктор Юн және Ғабиден Райымбек сынды бапкерлер тәлім берген. Жастар және жасөспірімдер арасындағы түрлі бәсекелерде топ жарған жерлесіміз 2018 жылы Әлем чемпионатында қола медаль алған еді. Сол жетістігін 2022 жылы тағы бір мәрте қайталады. Сондай-ақ, оның еншісінде 2021 жылғы Азия чемпионатында алған алтын медаль бар.

«Грек-рим күресімен екінші сыныптан бастап шұғылданып келемін. Олимпиадада бақ сынауды алдыма мақсат еттім. Арманым орындалды. Жеңіске жетуге бар күшімді саламын», — деді ол.

Айдос 22 жасында Будапештте (2018) өткен Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2021 жылы Олимпиада қарсаңында Алматыда өткен Азия біріншілігінде топ жарды. Шәршенбеков — өте мықты спортшы. Жоламан екі дүркін Әлем чемпионы, Әлем біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері болған. 

Айта кетсек, облыс атынан бокстан Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары), дзюдодан Абылайхан Жұбаназар (81 келі) және Нұрлыхан Шархан (100 келі) Парижге аттанады.