Әйелдің жүзі: Пикассоның картинасы лотереяға қойылды
АСТАНА. KAZINFORM — Париждегі Christie's аукцион үйінде Пабло Пикассоның 1941 жылы салған «Әйелдің жүзі» атты сирек акварель шығармасы қойылды, деп хабарлайды BBC.
Шығарманың құны шамамен бір миллион еуроға бағаланып отыр. Дәстүрлі сауда-саттықтың орнына ұйымдастырушылар қайырымдылық лотереясын өткізуді ұйғарған: кез келген адам 100 еуроға билет сатып алып, аты аңызға айналған суретшінің туындысын ұтып алу мүмкіндігіне ие болады.
Жиналған қаражаттың барлығы Альцгеймер ауруын зерттеумен және онымен күресудің жаңа әдістерін әзірлеумен айналысатын француз қорына бағытталады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай формат мәселені кеңінен насихаттауға және ғылыми зерттеулерді қолдауға көп адамды тартуға мүмкіндік береді, сонымен қатар бірегей сыйлықты ұтып алу мүмкіндігін сақтап қалады.
Бұған дейін мексикалық суретші Фрида Калоның «Түс» атты автопортреті Нью-Йорктегі Sotheby’s аукционында 54,7 млн АҚШ долларына сатылғаны хабарланған. Бұл – әйелдер салған картиналар арасында тарихтағы ең қымбат баға.