Әйгілі аспаз Top Gear шоуының жаңа жүргізушісі атанбақ

АСТАНА. KAZINFORM — Әйгілі аспаз Гордон Рамзи Top Gear автомобиль шоуының жаңартылған жүргізушілер тобына жетекшілік етеді. Алты жыл бұрынғы апаттан кейін үзіліп қалған бағдарлама қайтадан көрерменге жол тартады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі BBC-ге сілтеме жасап.

Фото: facebook.com/@gordonramsay

Рамзимен бірге әзірге есімдері белгісіз жүргізушілер де шоуға қатысады. Жаңа маусымның түсірілімі келесі жылы басталып, 2028 жылы көрерменге ұсынылады.

Айта кетейік, атақты автомобиль шоуы 2022 жылдан бері эфирге шыққан жоқ. Сол жылы түсірілім кезінде сынақ алаңында төбесі ашық үш дөңгелекті көлік аударылып, бағдарламаның жүргізушілерінің бірі, бұрынғы крикетші әрі боксшы Эндрю Флинтоффтың беті мен бірнеше қабырғасы қатты зақымданған еді.

Жаңа қызметіне қатысты пікір білдірген 60 жастағы Рамзи шоуға тың серпін беріп, жаңа идеялар әкелуді көздейтінін айтты. Сонымен қатар жобаның өзіндік ерекшелігіне айналған тосын шешімдер мен әсерлі көріністерді сақтап қалуға ниетті екенін жеткізді.

Бұған қоса Рамзидің автокөлік коллекциясы да айтарлықтай бай. Онда Aston Martin мен Ferrari маркалы бірнеше модельмен қатар Porsche, Land Rover және McLaren Senna көліктері бар.

Сонымен қатар ол 2002, 2006 және 2017 жылдары Top Gear бағдарламасына арнайы қонақ ретінде үш рет қатысқан.

1998 жылы Рамзи Gordon Ramsay Restaurants мейрамханалар желісінің негізін қалады. Содан бері оның желісі кеңейіп, бүгінде Ұлыбритания мен АҚШ-ты қоса алғанда, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия, Франция, Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур және Таиландта 100-ден астам мейрамхананы қамтиды.

Гордон Рамзидің әлемнің әр елінде орналасқан мейрамханалары Michelin гидінің жалпы саны 9 жұлдығына ие. Солардың ішіндегі ең танымалы — аспаздың Лондондағы флагмандық Restaurant Gordon Ramsay мейрамханасы. Ол соңғы 25 жыл бойы Michelin гидінің ең жоғары бағасы саналатын үш жұлдызды сақтап келеді.

Еске сала кетейік, Top Gear телешоуы алғаш рет 1977 жылы көрерменге жол тартқан. Дегенмен бағдарламаға әлемдік танымалдық әкелген кезең 2000 жылдарға тұспа-тұс келді. Бұл уақытта шоуды Джереми Кларксон, Ричард Хаммонд және Джеймс Мэй жүргізіп, жоба BBC телекомпаниясының ең табысты әрі танымал бағдарламаларының біріне айналды.

Кейін шоудың жүргізушілері бірнеше рет ауысып, олардың қатарын Крис Эванс пен «Достар» телехикаясымен танылған Мэтт Леблан толықтырды. Ал 2018 жылы Флинтофф бағдарламаға қосылып, Пэдди Макгиннесс және Крис Харриспен бірге тізгінді қолға алды.

Алайда 2022 жылғы желтоқсандағы апаттан кейін BBC бағдарламаның түсірілімін уақытша тоқтатты.

Апат кезінде Флинтофф Morgan Super 3 көлігінің астына түсіп, беті жерге тиген күйі шамамен 50 метрге дейін сырғып барған. «Өлдім деп ойладым», — деп еске алды ол былтыр Disney платформасында көрсетілген деректі фильмде.

Оқиғадан кейін BBC Флинтоффтан ресми түрде кешірім сұрап, оған өтемақы төлеген.

Бұған дейін Top Gear экс-жүргізушісі түсірілім кезінде апатқа ұшырағанын хабарлағанбыз.