Айыппұл туралы жалған хабарлама келсе не істеу керек

АСТАНА. KAZINFORM — Полиция айыппұл туралы жалған хабарламаларға сенбеуге шақырады, деп хабарлайды ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: СҚО ПД

Соңғы уақытта тұрғындардың ұялы телефондарына «ҚР Жол полициясы департаменті» атауымен әкімшілік айыппұлдардың бар екендігі туралы күмәнді SMS-хабарламалар жиі жолданып жатыр.

Полиция бұл хабарламалардың алаяқтар тарапынан азаматтарды алдап, жеке деректерін иемдену және ақша қаражатын жымқыру мақсатында таратылып жатқанын ескертеді.

— Хабарламаларда көбіне белгісіз интернет-сілтемелер көрсетіліп, сол арқылы тұрғындардың жеке мәліметтеріне қол жеткізу әрекеттері жасалады. Осыған байланысты азаматтарды сақ болуға, күмәнді сілтемелерге өтпеуге және бөгде сайттарға жеке деректер мен банк карталарының мәліметтерін енгізбеуге шақырамыз, — дейді тәртіп сақшылары.

Әкімшілік айыппұлдардың бар-жоғын тек ресми ақпарат көздері арқылы ғана тексеру қажет:

— qamqor.gov.kz,

— eGov.kz,

— сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы.

Полиция тұрғындарды қырағылық танытып, интернет-алаяқтардың арбауына түспеуге шақырады.

Бұдан бұрын ІІМ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарды үшінші тұлғаларға беру фактілері туралы мәлімдеді.