Айыпталушы Шерхан Аймаханның денсаулығына байланысты Нұрай Серікбайдың соты кейінге қалдырылды

АСТАНА.KAZINFORM - Нұрай Серікбайдың ісі бойынша алдын ала тыңдау өткен жоқ. Сотқа айыпталушының ауруын растайтын медициналық анықтама ұсынылды. Шерхан Аймаханға жоғары температуралы ЖРВИ диагнозы қойылды. Бұл кезеңде сот істі одан әрі қарау тәртібін белгілеп, сот процесін онлайн режимінде көрсету туралы өтінішті қарауы тиіс еді.

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

21 шілдеде Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында ҚР Қылмыстық кодексінің үш ауыр бабы бойынша айыпталған 28 жастағы Шерхан Аймаханның ісі бойынша алдын ала тыңдау өтуі керек болған.

Төрағалық етуші судья Саммидин Темірәлиев тыңдау сотталушының қатысуынсыз өтпейтінін мәлімдеді.

-Бұл мәселе процеске қатысушылардың барлығының қатысуымен ғана шешіледі. Сотталушы бүгін сотқа келмеді, сондықтан өтініштерді қарау кейінге қалдырылды. Келесі отырыста, сот екі тараптың да ұстанысын тыңдап, содан кейін ғана шешім қабылдайды, - деді судья.

Іс бойынша мемлекеттік айыптауды прокурор Мадияр Әбілқасымов атқарады.

Сот отырысын кейінге қалдыруға 21 шілдеде берілген медициналық анықтама негіз болды. Құжатқа сәйкес, Шерхан Аймаханға жедел респираторлық вирустық инфекция және гипертермиялық синдром диагнозы қойылған.

Дәрігердің қорытындысында сотталушы денсаулығына байланысты сот отырыстарына қатыса алмайтыны және ауру кезінде тергеу әрекеттеріне, сот отырысына қатысудан босатылғаны айтылған.

Зардап шеккен тараптың адвокаты Аянхан Омаровтың түсіндіруінше, сотталушының алқабилер қатысуымен сот отырысына қатысу құқығын пайдалану-пайдаланбауы оның өз еркінде. Сонымен қатар, сот сот отырысын онлайн трансляциялау мәселесі бойынша оның ұстанымын тыңдауға міндетті.

-Бүгін ештеңе шешілмеді. Алдын ала тыңдау айыпталушы денсаулығының нашарлауына байланысты кейінге қалдырылды, - деп түсіндірді адвокат.

Аянхан Омаров жәбірленуші тарап сот отырысына журналистердің қатысуына және барлық сот процестерінің тікелей эфирде көрсетілуіне рұқсат беру туралы өтініш бергенін хабарлады. Ол істің ерекше қоғамдық маңызы бар екенін және ашық тыңдау азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға және сталкинг пен неке құруға мәжбүрлеу мәселесіне назар аударуға көмектесетінін мәлімдеді.

-Бұл сот процесі ашық өтеді. Қылмыстың өзі алғашқы күннен бастап үлкен қоғамдық наразылық тудырып, Президентке дейін жетті. Біз қоғамның мұндай істердің қалай қаралатынын, қандай дәлелдердің тексерілетінін және жәбірленушілердің құқығы қалай қорғалатынын көргенін қалаймыз. Бұл сотқа қысым жасау немесе қоғамдық пікірді манипуляциялау әрекеті емес. Нұрайдың отбасы да тек бір нәрсені қалайды - мұндай қайғылы жағдайдың қайта қайталанбауы, - деді Аянхан Омаров.

Адвокат сталкинг пен неке құруға мәжбүрлеу туралы бап трагедиядан аз уақыт бұрын ғана Қазақстанның қылмыстық заңнамасына енгізілгенін атап өтті.

-Заңға Президент 2025 жылдың 16 шілдесінде қол қойып, ол 60 күннен кейін күшіне енді. Тергеушілердің айтуынша, бұл істегі оқиғалар тізбегі орын алған кезде бұл ережелер шамамен он күн ғана күшінде болды. Сол кезде құқық қорғау органдарында мұндай қылмыстарды тергеуде жеткілікті тәжірибе болмаған және дәлелдемелерді жинау және қамтамасыз ету рәсімдері болмаған болуы мүмкін, - деп санайды адвокат.

Оның айтуынша, дәл осы себепке байланысты марқұмның отбасы сот процесінің мүмкіндігінше ашық болуын маңызды деп санайды.

-Біз адамдардың сотта қандай фактілер мен дәлелдер қарастырылатынын көруін қалаймыз. Бұл әрбір отбасы үшін маңызды. Мұндай қылмыстар мен олардың құқықтары туралы неғұрлым көп адам білсе, болашақта мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады, - деп атап өтті адвокат.

Сотталушының мүддесін қорғайтын төрт адвокат журналистерге түсінік беруден бас тартты. Сонымен қатар, олар қорғаушы адвокаттардың фотосуретке және видеоға түсірілуіне, онлайн көрсетілімдер мен сот процесінің БАҚ пен әлеуметтік желілерде жариялануына қарсылық білдірді. Сонымен қатар, қорғаушы тарап істі алқабилерсіз қарауды талап етті.

Адвокат тергеу мәліметі бойынша айыптаулар негізін құраған оқиғалар реттілігін де түсіндірді. Ол бірінші оқиға Нұрай Серікбайды күштеп некеге тұрғызумен байланысты болғанын айтты. Жәбірленуші тараптың айтуынша, қыз бас тартқаннан кейін,оны жүйелі түрде аңду, қудалау басталған.

-Алдымен некеге тұруға күштеген. Нұрай бас тартқаннан кейін сотталушы оның ізіне түсіп, үнемі аңдумен болды. Оған үнемі қоңырау шалып, Нұрай телефон нөмірін бірнеше рет өзгертуге мәжбүр болған. Тіпті құрбы қыздары мен бірге оқитын группаластарына да хабарласқан. Туыстары да оның көлігін үйлерінің маңынан бірнеше рет көрген. Бұл материалдардың барлығы қылмыстық іске қосылды, - деді Аянхан Омаров.

Бұл айыптаулар сталкинг, кісі өлтіру және мәжбүрлеп неке құру баптары бойынша айыптауға негіз болды.

Фото: Татьяна Корякина / Kazinform

Жәбірленуші тарап сондай-ақ Нұрайдың ағасы - Сұлтан Серікбайды жәбірленушінің өкілі ретінде тануды сұрады. Адвокаттың түсіндіруінше, қыздың әкесі ауысыммен жұмыс істейді және әрқашан сот отырыстарына қатыса алмайды.

-Сұлтан бұл іске басынан бастап қатысып, тергеумен, прокуратурамен және журналистермен үнемі байланыста болып, қылмыстық іс материалдарымен толық таныс. Біз оның сотта отбасының мүддесін қорғауын және әрбір отырыстан кейін сот процесінің барысы туралы көпшілікті хабардар етуін қаладық. Алайда, біздің өтінішіміз сотқа дейінгі тергеу кезеңінде қабылданбады,- деді Омаров.

Жәбірленуші тараптың айтуынша, тағы бір өтініш кісі өлтіруге дейінгі оқиғаларда Шерхан Аймаханның кейбір туыстарының рөліне қатысты болды. Қорғаушы тарап сотқа дейінгі тергеу органдарынан Нұрай Серікбайды некеге тұруға мәжбүрлеуге қатыстылығы үшін олардың әрекеттерін тексеруді сұрады, бірақ бұл талап қабылданбады.

-Қылмыстық іс материалдарында мәжбүрлеп некеге тұру ісінде айыпталушының жақын туыстарының кейбірінің тікелей немесе жанама түрдегі рөлін көрсететін ақпараттар бар. Олардың қатарында Нұраймен кездескен, оны қалуға көндірген және басына орамал таққан адамдар бар. Біз бұл жағдайларға да заңды баға берілуі тиіс деп санаймыз, - деді адвокат.

Марқұмның анасының айтуынша ұзаққа созылған психологиялық қысым қызын біртіндеп қарсылық көрсету мүмкіндігінен айырған сияқты.

-Анансының айтуынша уақыт өте келе Нұрай болып жатқан жағдайға көндігіп,өзіне көрсетіліп жатқан қысымға қарсы тұруға күші қалмаған сияқты, - деді адвокат.

Ағасы: «Біздің Нұрайды жоқтауға да уақытымыз жоқ»

Марқұм қыздың ағасы Сұлтан Серікбай тілшілерге отбасы қылмыстық іс материалдарын толығымен қарап шыққанын және қазір сот отырысының басталуын күтіп отырғанын айтты.

Сұлтан қазіргі уақытта іс бойынша куәгер және сот оның жәбірленуші тараптың өкілі ретінде тану туралы өтінішін қанағаттандырады деп үміттенеді.

-Бірнеше жауап алудан кейін сот менің өтінішімді мақұлдап, мені жәбірленушінің өкілі ретінде ресми түрде таниды деп үміттенемін, - деді Сұлтан Серікбай.

Оның айтуынша, отбасы қылмыстық іс материалдарын толық қарап шықты.

-Біз істі мұқият зерттедік. Бізге бәрі көрсетіліп, егжей-тегжейлі түсіндірілді. Полиция бөлімі, тергеушілер және прокуратура үлкен жұмыс атқарды. Енді соңғы кезең - сот отырысы қалды, - деп атап өтті ол.

Алдын ала тыңдаудың кейінге қалдырылуына түсінік бере отырып, Сұлтан Серікбай отбасында біраз сұрақтар туындағанын да айтты.

-Бүгін мұнда 20-дан астам журналист жиналды. Сотталушының атынан төрт адвокат келді, бірақ ол өзі денсаулығын алға тартып келмеді. Бұл менің жеке пікірім, бірақ менің күмәнім бар. Мұндай маңызды сәтте, болмашы ауруға бола сотқа келе алмау... Алайда, оның бағасын сот бере жатар, - деді марқұмның ағасы.

Сұлтан Серікбайдың айтуынша, трагедиядан кейін отбасының өмірі мүлдем өзгерген.

-Бізге моральды тұрғыдан өте ауыр. Нұрайды жоқтауға да уақытымыз жоқ, себебі қазір барлық күшіміз осы істі аяқтауға бағытталған, - деп мойындады ол.

Зардап шегушінің ағасы қоғам мен журналистердің назары тергеуге деген қызығушылықты сақтауға және күшейтуге көмектескенін атап өтті.

-Егер БАҚ болмаса, бұл біз үшін әлдеқайда қиын болар еді. Бұл оқиғаны басынан бастап жариялаған журналистерге рахмет, - деді Сұлтан Серікбай.

Ол сондай-ақ іске назар аударғаны үшін Президент пен Ішкі істер министрлігіне алғыс айтты.

-Президентке, Ішкі істер министрлігіне және сіздерге, журналистерге рахмет, бұл іс назардан тыс қалған жоқ. Біз сіздердің қолдауларыңызға ризамыз, - деп қосты ол.

Сұлтанның айтуынша, Нұрайдың отбасы сот аяқталғанға дейін сабыр сақтап, істі шегіне жеткізуге тырысып отыр.

-Әрине, біз бұл ауырлықты күн сайын бастан кешіреміз. Бірақ біз қазір тоқтап, ештеңе істемесек, кім әділеттілік іздейді? Сондықтан біз бұл істің аяғына дейін барамыз, - деді ол.

Айта кетейік, 11 қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбай қаза тапты. Тергеу мәліметінше, қызбен таныс болған 28 жастағы Шерхан Аймахан оны дүкен маңында күтіп, бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Кейін күдікті қаладан шамамен 10 шақырым жерде ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.

ғаннан кейін Президент тапсырмасымен Шымкент қаласы полициясы қызметкерлерінің әрекетіне тексеру жүргізілді.

Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі қыздың некеге тұруға мәжбүрлеу туралы арызынан кейін тиісті шара қолданбаған полицейлерге қатысты салғырттық фактісі бойынша жеке қылмыстық іс қозғады.