Аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы: Ақмола облысы

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысы — Қазақстанның ауыл шаруашылығымен қатар өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамып келе жатқан индустриялық-аграрлық аймағы, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Статистикалық мәліметтер 

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, облыстың ауданы 146,2 мың шаршы шақырымды құрайды. Аймақ Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарымен шектеседі. Ол 17 ауданға және облыстық маңызы бар үш қалаға бөлінген, соның ішінде бір моноқала — Степногорск бар.

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Ақмола облысында алтын, уран, боксит, сурьма, мыс, молибден, кобальт, көмір, каолин сазы, кварц құмы, құрылыс материалдары, т. б. өндіріледі.

Фото: Jibek Joly

Облыстың рекреациялық және туристік әлеуеті де жоғары — Щучье-Бурабай курорттық аймағы, Зеренді курорттық аймағы, Қорғалжын қорығы биологиялық резерваты.

Фото: Kazinform

Халық және демография 

Ұлттық статистикалық бюроның мәліметінше, Ақмола облысы халқының саны 2025 жылғы 1 тамызда 787,9 мың адамды құрады. Оның 454,3 мыңы қалада, 333,6 мыңы ауылдық жерлерде тұрады.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Ағымдағы жылдың сегіз айында халықтың табиғи өсімі 1159 адамға жетті. Қаңтар-шілде айларында облыста 5103 нәресте дүниеге келді, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,5%-ға аз. 

Сонымен қатар, қайтыс болғандар саны 5,6%-ға азайып, 3944 адамды құрады. Осылайша, туу мен өлім-жітім арақатынасында оң динамика байқалып отыр. 

Көші-қон процестері күрделі күйінде қалып отыр. 2025 жылдың қаңтар-шілде айларында көші-қон сальдосы 507 адамды құрады, бірақ өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш жақсарған. Бұл ретте сыртқы көші-қонда оң сальдо тіркелді — плюс 45 адам (бір жыл бұрын -770 болды), ал ішкі көші-қонда — минус 552 адам.

Еңбек нарығы және халықтың табысы

2025 жылдың екінші тоқсанында облыста жұмыссыздар саны 18,8 мың адамды құрады, бұл жалпы жұмыс күшінің 4,5 пайызына сәйкес келеді. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жұмыспен қамту органдарында 8146 адам тіркелген, бұл жұмыс күшінің 1,9 пайызын құрайды.

Жұмысшылардың орташа айлық атаулы жалақысы 2025 жылдың екінші тоқсанында 366 971 теңгені құрады, бұл 2024 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда 11,1%-ға жоғары.

Статистикаға кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындардың қызметкерлері кірмейді. Алайда осы кезеңде нақты жалақы индексі 99,3% құрады, бұл инфляциялық процестердің ықпалын танытып отыр.

Тұтыну бағасының индексі 2025 жылғы тамызда 2024 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 108,8%-ға жетті. Бұл ретте азық-түлік тауарларының бағасы 10%-ға, азық-түлік емес тауарлардың бағасы 7%-ға, халыққа ақылы қызмет көрсетудің бағасы 9,6%-ға өсті. Осы кезеңде өнеркәсіп өнімдері өндірушілерінің бағасы 27,7%-ға көтерілген.

Экономика 

Ақмола облысында 11 750 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. 2025 жылдың 1 тоқсанында жалпы аймақтық өнім (ЖАӨ) 869,5 млрд теңгені құрады. Тауар өндірісінің үлесі жалпы ЖАӨ-нің 50,8%-ын, ал қызмет көрсету саласының үлесі 45,5%-ды құрады.

Фото: Ақорда

Өңірдегі сауда белсенділігі артып келеді. 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында бөлшек сауда көлемі 310,9 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 6,4% жоғары. Көтерме сауда көлемі де өсім көрсетіп, 729,8 млрд теңгеге жетті.

Ұлттық статистикалық бюроның алдын ала мәліметінше, 2025 жылғы қаңтар-шілдеде ЕАЭО елдерімен өзара сауда көлемі 328,5 млн долларды құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,7%-ға аз. Экспорт 12,5%-ға қысқарып, 94,8 млн долларды құрады. Импорт та 4,1%-ға төмендеп, 233,8 млн долларға жетті.

Өңірде инвестициялық әлеуетті нығайту аясында төрт индустриалды аймақ құрылды: бірі Аршалы ауданында республикалық маңызы бар «AQMOLA», облыстық маңызы бар үшеуі – Көкшетау қаласындағы «Kokshe Industry», Целиноград ауданындағы «Агрохаб», «Қоянды». Олардың негізінде 225 млрд теңгеге 293 жоба жүзеге асырылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

Облыс ет өндіруді 4,7 пайызға, сүтті 1,3 пайызға арттырған. 

Фото: Ақорда

Бүгінде 2,3 млн гектар немесе орылған алқаптың жартысынан астамы бастырылды. Орташа өнімділік 15,4 ц/га құрайтын 3,6 млн тонна астық бастырылды.

Фото: Ақорда

Өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,6 трлн-ды құраған (ФКИ – 99,4%), оның ішінде өңдеу өнеркәсібі өнімі 1,3 трлн-ды (өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемінің 80,7%-ы) құрады.

Шығындардың басымдықтары және қаржыландырудың өсімі

Ақмола облысының 2025 жылға арналған бюджеті 769,6 млрд теңгені құрады. Қаражат әлеуметтік міндеттемелерге, білім беруді, денсаулық сақтауды дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды жаңғыртуға бөлінді.

Коллаж: Kazinform; Freepik

Облыстың үш жылдық бюджеті 2,4 трлн теңге межесіне жақындап қалды. Ол бірнеше негізгі кіріс көздерінен қалыптастырып отыр: салық түсімдері – 222 млрд теңге, салықтық емес түсімдер – 21,4 млрд теңге; негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер – 10,3 млрд теңге және республикалық бюджеттен трансферттер – 466,6 млрд теңге.

Құрылыс 

2025 жылдың 8 айында Ақмола облысында орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 23,3 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 13,9 пайызға артты. 

Коллаж: Kazinform/ Freepik

Оң мысал ретінде «Көкше» ӘКК-ның тұрғын үй қорын жаңарту бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарын келтіруге болады. Бірінші кезең аясында өткен жылдың қараша айында алты ескі үй сүріліп, олардың орнына ағымдағы жылдың тамыз айында 92 отбасы қоныстанған екі тұрғын үй пайдалануға берілді (тағы да 98 пәтер сатып алу жоспарланып отыр).

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 12 200 орындық тоғыз мектептің құрылысы аяқталды, оның ішінде Қараөткел, Қаражар, Қабанбай батыр, Қоянды, Ақмол ауылдарында бір-бірден және Талапкер ауылы мен Көкшетау қаласында әрқайсысында екі мектептің құрылысы аяқталды.

Туризм

Ақмола облысы еліміздің негізгі табиғи және тарихи нысандарға жақын орналасқандықтан бірегей туристік әлеуетке ие. Туризм саласында облыс бойынша 700-ге жуық кәсіпорын, оның ішінде 389 орналастыру орны, 15 шипажайлық-курорттық орын, жол бойындағы қызмет көрсетудің 196 субъектісі, туристік қызметті жүзеге асыруға лицензиясы 80 туристік фирма бар.
2025 жылғы жағдай бойынша орналастыру орындарының жалпы саны 374 нысанды құраған, бөлме қоры – 6 111 бірлікті және бір ретте 16 239 төсек-орын. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында кәсіпкерлер 5,8 млрд теңгеге қызмет көрсетті.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Щучье-Бурабай курорттық аймағы еліміздегі туризмді дамытудың негізгі үш орталығының бірі болып белгіленді. Облыс қонақтары үшін түрлі бағыттағы туристік бағыттар әзірленді: белсенді демалыс, спорттық, сауықтыру және ойын-сауық туризмі, атпен жүру және жаяу жүру бағыттары қарастырылған.

Ақмола облысындағы туризм әртүрлі мүмкіндіктермен ұсынылған: бұл Бурабай және Қорғалжын қорығында экологиялық туризм, мұнда жануарлар мен құстардың сирек түрлерін көруге, көптеген шипажайлар мен демалыс үйлерінде демалуға, мәдени-танымдық саяхаттар жасауға, соның ішінде «Алжирге» және басқа да тарихи орындарға баруға, балық аулауға, аң аулауға және белсенді демалуға болады. Өңірде емдеу және сауықтыру бағдарламаларын ұсынатын көптеген санаторийлер мен сауықтыру кешендері бар.

Фото: astana.citypass.kz

Мәдени-танымдық туризмді қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүріне бойлауға бірегей мүмкіндік беретін этноауылдар ұсынады. 

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде 2025 жылғы наурызда курорттық аймақты дамытудың 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді, онда туристік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша 118 іс-шара қарастырылған.

Айта кетейік, бұдан бұрын Мемлекет басшысы Ақмола облысына жұмыс сапарымен барғанын жазған едік.

Тоқаев Ақмола облысындағы егін жинау науқанымен танысты.

Президент Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жетекшілерімен саланың жай-күйі, шаруалардың жетістіктері, сондай-ақ қордаланған мәселелері жөнінде әңгімелесті.

Биыл елімізде ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумы өтеді.