Айналымнан шыққан теңгелер қайда кетеді – Ұлттық банк түсіндірді

АСТАНА. KAZINFORM – Күнделікті қолданыста жүрген теңге уақыт өте тозып, жыртылады немесе жаңа үлгідегі банкнотқа ауыстырылады. Бірақ айналымнан алынған ақша қайда жіберіледі? Жарамсыз банкноттар қалай жойылады және олардың қалдықтары не үшін пайдаланылады?

Фото: Kazinform/ Pixabay

Kazinform тілшісі Ұлттық банктен ескі теңгелердің кейінгі тағдырын сұрап білді.

Қазақстанда банкноттар мен монеталар тозуына немесе бүлінуіне байланысты айналымнан алынады. Сондай-ақ ескі үлгідегі ақша белгілері жоспарлы түрде жаңасына ауыстырылады.

Ұлттық банктің мәліметінше, қолма-қол ақша алдымен арнайы тексеруден өтеді. Мамандар оның түпнұсқалығын, физикалық жағдайын және әрі қарай пайдалануға жарамдылығын анықтайды. Жарамды банкноттар қайта айналымға жіберілсе, қатты ластанған, қажалған, жыртылған және басқа да зақымдары бар ақшалар жойылады.

Ал жаңа үлгідегі банкноттар шығарылған кезде ескі дизайндағы ақшалар бірден айналымнан алынбайды. Олар кемінде бір жыл бойы жаңа банкноттармен қатар қолданылады. Бұл мерзім әр номиналдағы банкноттың орташа қызмет ету уақытына қарай белгіленеді. Осылайша, ескі үлгідегі банкноттардың басым бөлігі табиғи түрде тозуына қарай айналымнан шығып, біртіндеп жаңасына ауыстырылады. Жаңа дизайнның енгізілуі қолданысқа жарамды ақшаларды мерзімінен бұрын айналымнан алуды қажет етпейді.

Ескі банкноттар мен монеталар қайда жіберіледі

Айналымнан алынған банкноттар мен монеталар екінші деңгейдегі банктер және «Қазпошта» арқылы Ұлттық банктің филиалдарына жеткізіледі. Мұнда ақша белгілері қайта тексеріліп, жарамдылары айналымға қайтарылады, ал тозғандары жоюға жіберіледі.

Ұлттық банктің түсіндіруінше, жарамсыз банкноттар арнайы жабдықта ұсақталады. Ал ұсақталған банкноттардың қалдықтары кейін кәдеге жаратуға жіберіледі. Оларды әртүрлі бұйымдар, соның ішінде қағаз және басқа да өнімдер жасауға арналған қайталама шикізат ретінде пайдалануға болады.

Ал айналымнан алынған монеталар механикалық жолмен деформацияланады немесе балқытылады. Қай тәсілдің қолданылатыны монетаның қандай металдан жасалғанына байланысты. Балқыту бағалы металдардан жасалған монеталарға да, бағалы емес металдардан жасалған монеталарға да қолданылуы мүмкін.

Механикалық өңдеу кезінде монетаның пішіні қайта қалпына келмейтіндей өзгереді. Өңделген монеталар кейін өнеркәсіпте қолдану үшін қайталама шикізат ретінде қайта өңдеуге берілуі мүмкін.

Ескі 10 мың теңгеліктің 54 пайызы әлі айналымда жүр

Ұлттық банктің мәліметінше, ескі үлгідегі банкноттар айналымнан кезең-кезеңімен алынып жатыр. Қазір айналымда 2012 жылғы үлгідегі 2 000 теңгелік банкноттардың шамамен 2 пайызы сақталған. Ал тиісті ескі үлгідегі 5 000 теңгелік банкноттардың үлесі 1 пайызды құрайды.

Сонымен қатар ескі үлгідегі 10 000 теңгелік банкноттардың 54 пайызы әлі айналымда жүр. Осылайша, 2 000 және 5 000 теңгелік ескі банкноттардың басым бөлігі айналымнан алынған.

Дегенмен бұрын шығарылған ақшалардың бәрі бірдей банк жүйесіне қайтарылмайды. Ұлттық банк мұның бірнеше себебін атады. Атап айтқанда, банкноттардың бір бөлігі жоғалуы, бүлінуі немесе шетелге әкетілуі мүмкін. Сондай-ақ азаматтар ақшаны жинақ ретінде немесе коллекция үшін сақтап қояды.

Банкноттардың қанша уақыт қолданыста болатыны олардың номиналы мен пайдалану жиілігіне байланысты. Ұсақ номиналдағы ақшалар күнделікті есеп айырысу кезінде жиі қолданылатындықтан, тезірек тозады. Ал ірі номиналдағы банкноттар сирек пайдаланылады және көбіне жинақ ретінде сақталады. Мәселен, 20 000 теңгелік банкноттардың қызмет ету мерзімі 10 жылға дейін жетуі мүмкін. Қалған номиналдағы банкноттардың орташа қызмет ету мерзімі 5 жылға дейін.

Ескі теңгелер жаңасына қалай ауыстырылады

Ұлттық банктің мәліметінше, жаңа банкноттарды шығару бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен олардың тұжырымдамасы жасалып, дизайны мен эскиздері әзірленеді. Одан кейін қорғаныш элементтері енгізіліп, тәжірибелік үлгілер дайындалады және сынақтан өткізіледі. Содан соң банкноттар жаппай шығарылып, айналымға кезең-кезеңімен енгізіледі.

Бұл жұмысқа Ұлттық банк пен Банкнот фабрикасының мамандары, атап айтқанда дизайнерлер, суретшілер, талдаушылар, технологтар, инженерлер және ақша белгілерін қорғау жөніндегі сарапшылар қатысады.

Ұлттық банк «Сақ стилі» сериясындағы банкноттардың дизайнын әзірлеуге сырттан мамандар тартылмағанын хабарлады. Жаңа дизайнды мекеменің штаттағы қызметкерлері қосымша шығынсыз дайындаған.

Ал айналымнан алынған тозған банкноттардың номиналдық сомасы резервтік қордағы ақшамен толықтырылады. Оларды ауыстыру үшін қанша жаңа банкнот қажет екені әр номинал бойынша жеке есептеледі. Бұл ретте айналымнан алынуы мүмкін ақшаның болжамды көлемі ескеріледі.

Жаңа серияға көшу кезінде тозған банкноттар бекітілген өндірістік жоспар аясында жаңа дизайндағы ақшалармен ауыстырылады. Ұлттық банктің түсіндіруінше, дизайнды жаңарту тозған банкноттарды жоспарлы ауыстыру үшін қосымша ақша шығаруды немесе шығын жұмсауды қажет етпейді.

Соңғы бес жылда Қазақстанда айналымдағы қолма-қол ақша көлемі жыл сайын орта есеппен 10 пайызға ұлғайған.

Ескі ақшаны қанша уақытқа дейін айырбастауға болады

Жаңа үлгідегі банкноттар айналымға енгізілгеннен кейін ескі ақшалар кемінде бір жыл бойы қатар қолданылады. Осы мерзім аяқталған соң ескі үлгідегі банкноттар заңды төлем құралы мәртебесінен айырылады. Дегенмен оларды айырбастау мүмкіндігі сақталады.

Ұлттық банктің мәліметінше, ескі үлгідегі банкноттарды екінші деңгейдегі банктер мен «Қазпоштада» үш жыл ішінде айырбастауға болады. Ал Ұлттық Банктің филиалдарында мұндай айырбастау мерзімсіз жүргізіледі.

Екі жағдайда да ескі банкноттар номиналдық құны бойынша айырбасталады.

Осыған дейін Қазақстан банкнот фабрикасы қалай жұмыс істейтіні туралы жаздық.