АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық теннис федерациясы арбадағы теннисшілер арасында жаңартылған рейтингіні жария етті.
Қарағанды теннис мектебінің түлегі Айжан Бітімбаева өткен аптамен салыстырғанда, әлемдік рейтингіде 92-ден 89-орынға көтерілді.
Қазақстанда арбадағы теннис 2022 жылдан бері дамып келеді. Осы уақыт ішінде ТОП-90-ға ену – үлкен жетістік.
Құрамында А.Бітімбаева бар қазақстандық арбадағы теннисшілер жуырда алғаш рет әлем кубогының Азия іріктеу жарысында өнер көрсетті.
Коломбо (Шри-Ланка) қаласында өткен жарыста Қазақстан ерлер құрамасы Ирак, Иранмен, әйелдер Жапония, Үндістан және Қытайлық Тайбэймен бір топта ойнады.
Командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алмағанымен, қазақстандық арбадағы теннисшілер Азиядағы мықты құрамалармен бәсекеге түсіп, жақсы тәжірибе жинақтады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ-тағы турнирде Бублик пен Кукушкиннің қарсыластарынан басым түскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).