Мемлекет басшысының 2025 жылғы 3 желтоқсандағы авиахабтарды дамыту туралы тапсырмасына сәйкес, азаматтық авиация саласына кадр даярлау жүйесі жаңғыртылып жатыр. Қазіргі уақытта кадрлар даярлауды Азаматтық авиация академиясы жүргізеді.
— Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде студенттер контингенті өсіп келеді. 2022 жылы академияда 1 438 студент білім алса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2 478 адамға жетті. Соңғы төрт жылда өсім 72 пайыздан асты, — деді вице-министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Авиациядағы кадрларға сұраныс ескеріліп, соңғы жылдары мемлекеттік гранттар саны айтарлықтай артты. Егер 2022-2023 оқу жылында 180 грант бөлінсе, 2025-2026 оқу жылына 618 грант қарастырылған.
Түлектерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші де жоғары. Қазіргі таңда ол 90% (2022 ж. 86%) жетіп отыр. Түлектер әуежайларда, авиакомпанияларда, логистикалық және аэронавигациялық ұйымдарда еңбек етіп жүр.
— Академияда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект элементтері белсенді енгізіліп жатыр. AI-SANA бағдарламасы аясында мыңнан астам студент цифрлық құзыреттерді меңгерді. Екі мыңнан астам білім алушы Coursera платформасында оқудан өтті. 2040 жылға дейінгі жаңа мамандықтар атласы әзірленіп, жаңа кәсіптер мен құзыреттер енгізіліп жатыр. Академия жаңа пайда болатын, трансформацияға жататын кәсіптерді ескеріп, білім бағдарламаларын өзектендіріп жатыр, — деді Гүлзат Көбенова.
Айта кетейік, авиациялық қауіпсіздік бойынша Қазақстан әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енді.