Azerbaijan Airlines ұшағының апатын тексерудің екінші кезеңі атқарылып жатыр - министр

Фото: Фото: t.me/qr_tjm

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Ақтау қаласы маңында Azerbaijan Airlines ұшағының апатқа ұшырауы ісі бойынша тексеру қай кезеңде жүріп жатқанын айтты.

- Қазақстан тергеу амалдарын жүргізетін ел ретінде бекітілген. Кез келген тергеу бірнеше кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең - тиісті материалдарды жинау, яғни осы кезең аяқталды. Енді екінші кезең жалғасып жатыр. Бұл тұрғыда жинақталған материалдарды зерттеу іс-шаралары атқарылып отыр. Оның аясында біздің мамандар жұмылдырылған шетелдік мамандармен, соның ішінде ИКАО өкілдерімен бірге Баку мен Грозныйда, Ростовта болды, - деді М.Қарабаев Сенатта жолдардың мәселесін талқылауға арналған Үкімет сағатынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Еске салсақ, былтыр 25 желтоқсанда Ақтау маңында, Бакуден Грозныйға бағыт алған AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын. Бортта 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 38 жолаушы қаза тауып, 29 адам аман қалды. 

Биыл қаңтар айында Әзербайжанның бас прокуроры Камран Әлиев Ақтау маңында Әзербайжан әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауына қатысты Қазақстан мен Ресейдің тиісті құрылымдары — прокуратура және құқық қорғау органдарымен бірлесіп тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.