Ақтау маңындағы ұшақ апаты: Ресейде, Қазақстанда және Әзербайжанда қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжанның бас прокуроры Камран Әлиев Ақтау маңында Әзербайжан әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауына қатысты Қазақстан мен Ресейдің тиісті құрылымдары — прокуратура және құқық қорғау органдарымен бірлесіп тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Ұшақ Қазақстаннан тыс жерде зақымданған – Вице-премьер Ақтау маңында болған ұшақ апаты туралы
Фото: Kazinform

Бұл туралы Trend.az хабарлады.

— Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевтің тапсырмасымен Ақтау маңындағы AZAL ұшағының апатқа ұшырауын тергеуге байланысты барлық мүдделі мемлекеттік органдар жұмылдырылып, өз міндеттеріне сәйкес тапсырмаларды орындап жатыр. Әуе апатына қатысты үш елде қылмыстық іс қозғалды: Ресей, Қазақстан және Әзербайжан. Қазақстан, Әзербайжан және Ресейдің тиісті органдары дәлелдемелерді жинады, кейіннен оларға қылмыскерлерді анықтау үшін бірлесіп талдау жасалады. Қазіргі уақытта Ресейдің Тергеу комитеті мен Бас прокуратурасы бұл бағытта тиісті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, — деді Камран Әлиев.

Айта кетейік, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға бағыт алған AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшыраған болатын.

Бортта 67 адам, оның ішінде бес экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 38 жолаушы қаза тауып, 29 адам аман қалды.

Бұған дейін ҚазАқпарат Бразилия Әскери-әуе күштерінің Әуе апаттарын зерттеу орталығының (Cenipa) мамандары AZAL әуе компаниясының апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағының қара жәшігін талдауға кіріскенін хабарлаған болатын.

Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев ҚазАқпарат тілшісіне әуе апатын тергеудің алдын ала қорытындысы қашан белгілі болатынын айтты.
30 желтоқсанда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) оқиғаны жан-жақты және бейтарап тергеуге шақырды.

Жақында ҚР Көлік министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апатына қатысты мәлімдеме жасады.

Соңғы жаңалықтар