Әзербайжанның Мемлекеттік шекара қызметінің хабарлауынша, қарулы оқиға «Гёйтепе» шекара жасағының жауапкершілік аймағында болған. Шекарашылар Иран аумағынан Әзербайжанға қарай бет алған бір топ адамды байқаған.
Шекарашылар топты байқаған соң аумақты қоршауға алып, оларға тоқтауды талап еткен. Алайда топ мүшелерінің бірі ескертуді елемей, жауынгерлерге оқ атқан. Бұған жауап ретінде шекарашылар қару қолданған. Нәтижесінде оқ атқан адам залалсыздандырылды.
«Горадиз» және «Гёйтепе» шекара жасақтарының жауапкершілік аймағында да заңбұзушылық деректері тіркелді. Атап айтқанда, Ираннан 22 келі 900 грамм есірткі затын заңсыз алып өтпек болған әрекеттерге тосқауыл қойылды. Бұдан бөлек жедел-әскери іс-шаралар кезінде елдің әуе кеңістігін заңсыз кесіп өткен дрондар анықталып, істен шығарылды.
«Горадиз» шекара жасағының аумағынан 15 келі 400 грамм, ал «Гёйтепе» шекара жасағының аумағынан 7 келі 500 грамм есірткі тәркіленді. Қарулы оқиғаға қатысты Иран тарапына шекара өкілдері арқылы ресми ақпарат берілді. Қару қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі оқиғаға қатысты жедел-іздестіру және тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Бұған дейін Грузия мен Әзербайжанның шекараны белгілеу жұмысын жандандырып жатқанын хабарлаған едік.