Грузия мен Әзербайжан шекараны белгілеу жұмысын жандандырмақ

АСТАНА. KAZINFORM — Грузия мен Әзербайжан мәртебесі әлі келісілмеген мемлекеттік шекараның 15 учаскесін анықтау жұмыстарын жандандыруға ниетті. Бұл туралы Kazinform агенттігі NewsGeorgia басылымына сілтеме жасап хабарлады.

Грузия мен Әзербайжан шекараны белгілеу жұмысын жандандырмақ
Фото: АЖД

Тиісті келісім 30 қазанда Сигнахи қаласында Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе мен Әзербайжан премьер-министрі Әли Асадовтың кездесуінен кейін жасалды.

Грузия үкіметінің басшысы екіжақты кездесу барысында да, үкіметаралық комиссия отырысында да шекараны делимитациялау және демаркациялау мәселелері талқыланғанын айтты.

Кобахидзенің сөзінше, кейінгі бірнеше жылда шекараның қалған учаскелерін келісу жұмыстары іс жүзінде ілгерілемеген. Енді екі ел бұл процесті жеделдетіп, даулы аумақтарды біртіндеп қарастыруға ниетті.

Премьер-министрдің нақтылауынша, түпкілікті келісімге қол жеткізілмеген 15 учаске бар. Грузия тарапы Әзербайжанға осы бағыттағы жауапты ведомстволардың жұмысын жандандыруды ұсынған. Әзербайжан бұл ұсынысты қолдаған.

Екі ел арасындағы құрлықтағы мемлекеттік шекараның жалпы ұзындығы шамамен 440 шақырым болады. Бұған дейін тараптар шекараның үштен екісіне жуығын келісіп алған. Алайда Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін шамамен 180 шақырым аумақтың құқықтық мәртебесі әлі реттелмеген.

Күрделі мәселелердің бірі — VI ғасырда негізі қаланған ортағасырлық Давид-Гареджи монастырь кешенінің қай елге тиесілі екені. Оның бірқатар құрылысы шекара сызығы келісілмеген аумақта орналасқан.

10 қазанда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Грузиямен арадағы шекараны делимитациялау және демаркациялау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жаңартылған құрамын бекітті. Комиссияға басшылық ету елдің сыртқы істер министрінің орынбасарына жүктелді.

Давид-Гареджи монастырь кешенінің аумағын қоса алғанда, мемлекеттік шекараны анықтау мәселесі екі ел арасында көп жылдан бері талқыланып келеді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасындағы өткізу бекеттерінде жаңа өзгеріс күшіне енетінін жазғанбыз.