Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасындағы өткізу бекеттерінде қандай өзгеріс болады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының кеден қызметі өкілдіктерін ашу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң екі оқылымда қаралып қабылданды.
Келісімге 2025 жылы 15 қарашада Ташкет қаласында қол қойылды. Бұл құжат кеден ісі саласындағы өзара байланыстың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыру мақсатында жасалды. Келісімде жедел ақпарат алмасу, кеден ісіндегі ынтымақтастық жөніндегі шараларды келісу, сондай-ақ құзыретті органдардың іс-қимылын үйлестіру қарастырылған.
- Бүгінде Қазақстан – Өзбекстан шекарасында 11 өткізу пункті жұмыс істейді, оның ішінде сегізі автомобиль, ал үшеуі теміржол өткізу пункті. 2025 жылы «Қапланбек», «Қазығұрт», «Атамекен» өткізу пункттерін реконструкциялау аяқталды. Алдағы уақытта «Жібек Жолы» өткізу пункті пайдалануға беріледі. Тиісті жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде жолаушылар мен жүк және автомобиль көлігін өткізу қабілеті бірнеше есе артты. Тек 9 айдың ішінде 650 мыңға жуық автокөлікке жетті, - деді Қаржы министрі Мәди Тәкиев.
Оның айтуынша, келісімді ратификациялау, кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға, экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға және мемлекет аралық өзара сауданы дамытуға ықпал етеді, Қазақстан мен Өзбекстан кеден қызметтерінің өзара байланысының қосымша институционалдық механизмін жасайды.
- Осы Келісімді іске асыру мемлекеттік бюджеттен қаржылық шығындарды, сондай-ақ кеден заңнамасына өзгерістер енгізуді талап етпейді және мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігіне кері әсерін тигізбейді, - деп түсіндірді министр.
Тауар айналамы
Айта кетейік, бұл заң жобасы Парламентке биылғы 18 мамырда енгізілді. Осы құжаттың мақсаты екі елдің кеден қызметтері өкілдіктерінің тұрақты және тиімді жұмысын қамтамасыз ету болып табылады.
- Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымының қарқынды өсуі өзара іс-қимыл жасау қиындықтарын жою, шекаралық әкімшілендіруді жаңғырту қажет екенін анықтады. Қолданыстағы әкімшілік кедергілер кейде коммерциялық жүктердің логистикалық тұрып қалуына алып келіп, туындаған сын-қатерлерге ден қою жеделдігін төмендеткен. Кеден өкілдерін өзара орналастырудың жаңа тетігі анағұрлым серпінді саудаға көшуге мүмкіндік береді. Биылғы 8 айда екі ел арасынгдағы тауар айналымы 3,7 млрд АҚШ долларын құрады, бұл былтырғы осыған ұқсас кезеңмен салыстырғанда 29 %-ға артық. Мемлекет басшысының 2030 жылға дейін елдер арасындағы өзара тауар айналымын 10 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу міндетін қойғанын ескере отырып, өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшу шекара маңындағы тиімді ынтымақтастық үшін бірыңғай қол жеткізу арнасын құрады, - деді Құрылтай депутаты Бақтыбек Бибаев.
Бұл тауарларды жеткізу тұрақтылығын қамтамасыз етіп, әкімшілік және техникалық кедергілерді жоюға, сондай-ақ іс-қимылдарды уақтылы үйлестіріп, шекарада туындайтын мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Тұтастай алғанда, Келісімді іске асыру Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік пен тату көршілік қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.
Шекарадағы кезек
Аталған заңды талқылау барысында депутат Александр Данилов
жүк ағыны мен туристер санының көптігіне байланысты Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында ұзындығы бірнеше шақырымға жететін кезек пайда болып жататынын айтты.
- Мұндай кездері шекаралық өткізу пункттеріне түсетін жүктеме шамадан тыс артып, олар өздерінің техникалық мүмкіндіктерінің шегінде жұмыс істеуге мәжбүр болады. Соңғы үш жыл ішінде Қазақстан барлық шекаралық өткізу пункттерін жаңартуға 118 млрд теңге жұмсады. Оның шамамен 59 млрд теңгесі Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы өткізу пункттерін жаңғыртуға бағытталды. Сондықтан өткізу пункттерін жаңғырту жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, неліктен шекарадағы кептеліс мәселесі шешілмеді? Сондай-ақ, Министрлік қазіргі уақытта осы өткізу пункттерінің өткізу қабілетін тиімді арттыру үшін қандай шаралар қабылдап жатыр?, - деп сұрады депутат.
Өз кезегінде министр Мәди Тәкиев кейінгі екі жыл ішінде тоғыз өткізу пункті жаңартылғанын айтты.
- Қазақ айында Өзбекстанмен шекарадағы «Жібек жолы» өткізу пунктін аяқтап жатырмыз. Оны қаржыландыру толығымен бюджеттен тыс көздерден, нақтырақ айтсақ, демеушілік қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Жаяу жүргіншілерге арналған бұл нысан тәулігіне 70 000 адам мен 200 автобусты өткізуге қауқарлы, - деді ведомство басшысы.
Бұл тұрғыда министр өткізу қабілетін арттыру жаңа бақылау пункттерін салу арқылы ғана емес, сонымен қатар жұмыс уақытын ұзарту арқылы да іске асырылмақ. Үш ауысымды жүйемен тәулік бойы жұмыс істеу режиміне көшіріліп жатыр, яғни кеден қызметі де осы бағытта жұмыс істейді.
Бұған дейін хабарланғандай, мемлекеттік шекарадан өткен кезде жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелу қағидалары жайында жазған едік.