Әзербайжанда АЭС құрылысына қатысты дауыс беруге арналған сайлау учаскесі ашылды
БАКУ. KAZINFORM – Қазақстанда атом электр стансасын (АЭС) салу жөніндегі республикалық референдум өтіп жатқан ҚР Бакудегі Елшілігінде №394 сайлау учаскесі сағат 07:00-де (Астана уақытымен cағат 08:00) ашылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Республика бойынша барлығы 180-ге жуық сайлаушыларымыз тіркелген. Әзербайжанда тұрақты тұратын немесе уақытша болатын 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматтары сайлау құқығын пайдалана алады. Референдум өтетін күні дауыс беру үшін жарамды төлқұжат немесе ҚР азаматының жеке куәлігі болуы керек. №394 сайлау учаскесінің мекенжайы: Баку қ., Н. Рафиев көшесі, 14. Учаске жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де жабылады.
Бұған дейін Сеулдегі референдумда бірінші қазақстандық болып халықаралық ұйым қызметкері Камила Маутова дауыс бергенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Бейжіңдегі Қазақстан Республикасының Елшілігі мен Шанхай және Гонконгтағы Қазақстанның бас консулдықтарында Атом электр стансасын (АЭС) салу жөніндегі республикалық референдумға дауыс беру пункттері ашылды.
Өзбекстан астанасында орналасқан Қазақстан елшілігінің жанындағы референдум учаскесі жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де өз жұмысын бастады.