Әзербайжанда бұрынғы әскери шеп аумағында мина жарылып, тұрғын жараланды
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжанның Агдам ауданында миналық оқиға тіркелді. Аудан тұрғыны бұрынғы әскери қақтығыс болған аумақта минаға түсіп, жарақат алды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ агенттігі.
Агенттіктің Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратура және Әзербайжан Республикасының Миналарды тазарту агенттігінің (ANAMA) баспасөз қызметтеріне сілтеме жасап хабарлауынша, 26 наурыз күні оккупациядан босатылған Агдам ауданының Юсифджанлы ауылы аумағында мина жарылған.
Мәліметке сәйкес, Агдам ауданының Юсифджанлы ауылының тұрғыны Аббасов Джейхун Фирдовси оглу бұрынғы шеп аумағында, миналардан тазартылмаған жерде жаяу әскерге қарсы мина жарылысының салдарынан сол аяғынан жарақат алған.
Аталған факті бойынша Агдам аудандық прокуратурасында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Германияның Дрезден қаласында көне бомба табылып, 18 мың адам эвакуацияланды.
Сондай-ақ былтыр Германияда Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі бомба жарылып, 58 адам жарақат алды.