Әзербайжанда Каспий мен Қара теңізді жерасты туннелімен байланыстыру ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл бастама Каспий теңізінің таяздануымен күресуге және түркі елдерінің көліктік интеграциясын нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды Minval.
ADOG және Зира халықаралық порты Каспий мен Қара теңізді байланыстыратын жерасты туннелінің құрылысына бастамашы болды. Жобаға сәйкес, Қара теңізді (Грузин немесе Ресей жағынан) Каспий теңізімен байланыстыратын диаметрі 10 метр жерасты туннелін салу ұсынылды.
— Су деңгейінің табиғи айырмашылығының арқасында Қара теңіз суы тартылыс күшімен Каспий теңізіне сорғыларды қолданбай-ақ құя алады, — делінген компания директоры, инженер Мұса Сүлеймановтың ресми мәлімдемесінде.
Компанияның хабарлауынша, бұл бастама соңғы жылдары деңгейі күрт төмендеп бара жатқан Каспий теңізінің су балансын тұрақтандыруға бағытталған. Бұл жағалаудағы мемлекеттерге, соның ішінде Қазақстанға да елеулі экологиялық, экономикалық және инфрақұрылымдық қауіп туғызады.
Компания жобаны жүзеге асыру толық экологиялық мониторинг пен биологиялық әртүрлілікті сақтау шараларымен қатар жүретінін атап өтті.
ADOG бұл бастаманы мемлекеттік деңгейде қарауды ұсынады.
Қаңтар айында Қазақстанда Каспий теңізіндегі су деңгейінің ауытқуын зерттеу үшін сарапшылардан тұратын жұмыс тобы құрылып жатқаны хабарланған болатын.