Әзербайжанда мопед иелеріне жаңа талаптар енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжанда мопедтерді тіркеуге, техникалық байқаудан өткізуге және пайдалануға қатысты жаңа мемлекеттік алымдар бекітілді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бакудегі меншікті тілшісі хабарлайды.

Фото: apa.az

Тиісті заңнамалық өзгерістерге Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қол қойды. Құжатта тіркелген мопед иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру талабы да енгізілген.

Жаңа тәртіпке сәйкес, жүргізуші куәлігі мен тіркеу куәлігін беру немесе ауыстыру үшін шамамен 18 АҚШ доллары (8,4 мың теңгеге жуық) көлемінде мемлекеттік алым төленеді. Техникалық байқау құны шамамен 9 доллар (4,2 мың теңгеге жуық ), мопедті мемлекеттік тіркеу – 6 доллар (2,8 мың теңгеге жуық), ал мемлекеттік тіркеу нөмірін беру – 9 доллар  шамасында болады.

Сондай-ақ A1 санатындағы жүргізуші куәлігін алу емтиханына қатысу үшін шамамен 24 АҚШ доллары (11,2 мың теңгеге жуық) көлемінде алым белгіленді. Емтиханды қайта тапсыру құны шамамен 12 долларды (5,6 мың теңгеге жуық) құрайды.

«Жол қозғалысы туралы» заңға сәйкес, барлық мопед міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтуі тиіс. Оларды басқару үшін A1 санатындағы жүргізуші куәлігі, тіркеу куәлігі және мемлекеттік тіркеу нөмірі болуы қажет.

Айта кетейік, Қазақстада бүгінгі таңда 50 мыңға жуық мопед тіркелген.