Қазақстанда 50 мыңға жуық мопед тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл шілде айында 1 мыңнан астам мопед айып тұрағына қойылды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі мәлім етті.

— Қазіргі кезде елімізде бүгінде тиісті заңға сәйкес тіркелген мопедтер саны 48 139-ға жетті, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ішкі істер министрлігі мопед жүргізушілерінің жол жүру ережелерін сақтау бойынша тиісті шараларды атқарып жатыр. Биылғы 19-21 шілде аралығында еліміздің аумағында мопед көлік құралдарын басқару тәртібіне қатысты жедел профилактикалық іс шаралар өткізілді.
— Осы іс-шараны өткізу кезінде мопед жүргізушілері арасынан 3 мыңнан астам құқық бұзу дерегі анықталды, сондай-ақ 1 мыңнан астам мопед арнайы тұраққа қойылды. Аталған жедел профилактикалық іс-шаралар өңірлердегі полиция департаменттері тарапынан да тұрақты негізде өткізіледі, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Еске салсақ, биыл ел аумағында 5 сәуірге дейін мопедтерді ресми тіркеу міндеті қойылды. 5 сәуірден жол ережесін бұзған мопед жүргізушілеріне жаза қатаңдатылатынын жазған едік.
Сәуір айының орта кезінде елімізде 30 мыңға жуық мопед тіркелгені мәлім болды.
Мопедтерді тіркеу үшін тұрғылықты жері бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет. Жеке басын куәландыратын құжат, электронды түрде де болады, мопедтің техникалық құжатын немесе техникалық сипаттамалары туралы мәліметті ұсыну қажет.